Өскемендіктер жазушы Фарида Сарышевамен кездесті

Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ұстаз, жазушы Фарида Сарышевамен кездесу өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Зайсан өңірінде дүниеге келіп, Ақтөбе қаласында ұзақ жылдар бойы ұстаздық пен қаламгерлікті қатар алып жүрген Фарида Батырбекқызы туған жеріне арнайы ат басын бұрып, оқырмандарымен жүздесті.
Шарада қаламгердің әдеби шығармашылығы, өмірлік жолы, ұстаздық болмысы туралы әсерлі естеліктер айтылды.
Кеш барысында автордың туған жері – Шілікті мен Тасбастау ауылына деген сағынышы, көршілер мен ұстаздар жайлы жазылған шынайы әңгімелері мен естеліктері көпшілік көңілінен шықты. Жазушының шығармашылығынан өлеңдер оқылып, әдебиетке деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік, әйел бейнесі мен ауыл өмірінің көркем суреті кеңінен сөз болды.
Кешке қаламгердің туған жерден арнайы келген жерлестері, оқырмандары, мектеп және студент жастар қатысты.
Шара соңында автор жылы лебіз білдіріп, алғысын жеткізді. Қонақтар естелік фотосуретке түсіп, шығармашылық кештің әсерлі сәттерін есте қалдырды.
Фото: Пушкин атындағы облыстық кітапхана




