ШҚО-да аңшылық алқаптарды басқару жүйесіне өзгерістер енгізілді

Шығыс Қазақстан облысында аңшылық алқаптарды басқару жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Бұл жаңа заңнамалық нормалардың күшіне енуіне байланысты жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
КЕЛІСІМШАРТ МЕРЗІМІ 25 ЖЫЛҒА ҰЗАРТЫЛДЫ
Атап айтқанда, аңшылық алқаптарды қайта бекіту бойынша өкілеттіктер жергілікті атқарушы органнан уәкілетті мемлекеттік орган – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясына берілді. Соған орай облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігі 10 аңшылық шаруашылықты қайта бекітуге өтінім берді. Нәтижесінде былтырғы 3 шілдеде уәкілетті орган осы учаскелер бойынша келісімшарттар мерзімін 25 жылға ұзартты.
ШҚО әкімдігі өкілеттіктер қайта бөлінгеніне қарамастан заңдылық пен әділдік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ аңшылық қызметке қатысты заң нормаларының орындалуын бақылау жұмыстарын жалғастыра береді.
СОТ ДАУЫ
Аңшылық қоғамының қатысуымен болған сот дауына келсек, әкімдік қайта бекітуге бас тарту себебін ұсынылған құжаттардың тиісті талаптарға сай келмеуімен түсіндірді. Яғни, 2024–2025 жылдарға арналған аңшылық шаруашылықтардың даму жоспары мен шаруашылықаралық аңшылық жобасы ұсынылмаған. Жоғарғы сот бұл шешімнің заңдылығын растап, төменгі сот инстанцияларының шешімін қолдады.
Сонымен қатар бұрынғы келісімшарттардың мерзімі былтыр 24 маусымда аяқталғанын ескере отырып, өтініш берушінің құқықтары бұзылмағаны атап өтілді. Құжаттардағы кемшіліктерді түзету және қайта тапсыру мүмкіндігі берілгенімен, өтініш беруші даулы мәселелерді сот арқылы шешуді жөн көрген.
Айта кету керек, былтырғы 21 мамырдан бастап аңшылық алқаптарды қайта бекіту бойынша бұрынғы ережелер күшін жойды. Бұл өзгеріс экология және табиғи ресурстар министрінің №107 бұйрығына сәйкес енгізілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірдегі аңшылық ресурстарды тиімді әрі ашық басқару мақсатында барлық мүдделі тараптармен, соның ішінде аңшылармен конструктивті және сындарлы диалог орнатуға дайын екенін ресми түрде мәлімдеді
Фото: pixabay.com




