Сенаторлар ШҚО-дағы кәсіпорындар мен оқу орындарын аралайды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарын аралайды.
Шығысқа жұмыс сапарымен келген кеңес мүшелері ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – еңбек адамына деген институционалдық құрметтің көрінісі. Бұл бағытта өңірде кәсіпорындардың қажеттіліктері мен нақты көрсеткіштерді ескере отырып, жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінде облыс экономикасының негізін машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары құрайды. Басты мақсатымыз – осы салаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Қазіргі күні облыста 38 колледж бар. 20 мыңнан студент 101 сұранысқа ие мамандық бойынша оқыса, студенттерінің 23%-ы жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Сондай-ақ соңғы жылдары дуалды оқыту жүйесі сәтті жүзеге асып, бүгінде – 27 колледжде және 448 кәсіпорында 5 мың студент тікелей өндіріс саласында білімін жетілдіру үстінде.
Өңірдегі кадр мәселесін жүйелі түрде шешу үшін 2024 жылдан бастап алғаш рет «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын іске қостық. Бағдарлама ең алдымен жылу энергетикасы саласындағы мамандарға арналған. Бұл – бір жағынан еңбекке ынталандыру болса, екінші жағынан өңірге кадр тартудың тиімді құралы. Бағдарламаның нәтижесі оң болған жағдайда, оны кеңейту жоспарда бар, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бағдарлама аясында Сенаторлар кеңесінің мүшелері облыстың депутаттарымен кездесіп, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасында болды.
Қазіргі уақытта мұнда «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» білім беру бағдарламалары бойынша 400-ге жуық студент пен магистрант оқиды, олардың қатарында шетелдік студенттер де бар.
Өткен жылы «Көлік машина жасауындағы смарт-технологиялар мен жасанды интеллект» атты жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы ашылды.
Лу Бань шеберханасы инженерлік тәжірибе инновациялық жобасының (EPIP – Engineering Practice Innovation Project) стандарттарына сәйкес инженерлерді даярлау бойынша сертификатталған орталық болып табылады.
Мұнда EPIP әдісімен инженерлік практикалық жобаларды оқытуға арналған кабинет және жаңа технологияларды әзірлеу бойынша стартап-идеяларды ілгерілету, жаңа электромобиль үлгілерін пилоттық тестілеу мақсатында студенттік ғылыми-білім беру үйірмесі құрылған.
Орталықтың мақсаты – автомобиль жүйелерін жетілдіру үшін озық технологияларды әзірлеу және енгізу. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізу, интеллектуалды жүйе технологияларын оқыту, техникалық мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияда интеллектуалды жүйе технологияларын енгізу және ілгерілету де жоспарланып отыр.
Жұмыс сапары аясында Сенаторлар кеңесінің мүшелері сондай-ақ Өскемен жоғарғы политехникалық колледжін, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен «ВОСТОК-МОЛОКО» ЖШС-ін аралайды.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




