Этно-дефиле, шашбау-пати: Шығыста Наурызды әлі тойлап жатыр

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Наурыз – береке бастауы» атты ауқымды мәдени шара өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Көктемгі жаңару мен ұлттық бірліктің символына айналған мерекеге студенттер, оқытушылар, құрметті қонақтар және қала тұрғындары жиналды.
Университет аумағы нағыз этноауылға айналды. Мұнда тақырыптық киіз үйлер сап түзеді. Олардың әрқайсы тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғалар жайлы сыр шертті. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған үйлердің қатарында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай әлемі» киіз үйі, Жеңістің 80 жылдығы мен Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Батыр рухы — ел тірегі» композициясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік мекені» киіз үйі болды.
Мерекенің ерекше сәттері ретінде ұлттық киімдегі этно-дефиле, бауырсақ пати, шашбау пати ұймдастырылып, спорттық жарыстар мен дәстүрлі ойындар өтті. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі сайыстарға қатысып, концертті тамашалады.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға белсенділігі мен әсерлі көңіл-күйі үшін алғыс айтты.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




