Ұланда жаңа музыка мектебі ашылды

Бүгін, 18 сәуірде Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде заманауи музыка мектебі ашылды. Салтанатты шараға еліміздің оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Министрдің айтуынша, саз мектебінің ашылуы – Ұлан ауданы үшін маңызды оқиға. Мұнда шығармашылыққа бейім балалардың қабілетін дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттыруға, сапалы білім алуға мүмкіндік зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қосымша білім беруді жас ұрпақтың жан-жақты тәрбиесінің негізгі элементі ретінде дамыту қажет екенін атап өтті. Ол білім мен тәрбие қатар жүруге тиіс екенін айтты. «Адал азамат» бағдарламасы – ұлттық құндылықтарға сай адал әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізі болады, – деді министр.
Шығыс Қазақстан облысы балаларды қосымша біліммен қамту бойынша республикада алдыңғы қатарда. Бұл көрсеткіш облыста – 94%.
Жаңа мектепте заман талабына сай жабдықталған 14 оқу кабинеті бар. Хореография кабинеті айна және басқа да құралдармен толық жабдықталған. 126 орындық концерт залында ұзындығы 9 метр, биіктігі 4 метр болатын LED-экран орнатылған. Бұл мәдени және оқу іс-шараларын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




