Өскеменде «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты шара өтті

Өскеменде өткен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты тақырыптық іс-шара тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды кездесуге айналды, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Шара барысында қатысушылар XX ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың өмір жолына тағзым етті.
Іс-шараның ашылуында қатысушыларға деректі фильм көрсетіліп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Ұлан аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Әбдірахман Айдарбековтің тағдыры баяндалды. Сонымен қатар фотоқұжаттар мен слайдтар арқылы тарихи деректер ұсынылды.
Бағдарлама аясында кіріспе сөз сөйлеген жүргізушілерден кейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит сөз алып, шараның маңызына тоқталды. Прокуратураның еңбек сіңірген қызметкері, әділет кеңесшісі Ғазиз Найзабаев «1945-1990 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» тақырыбында баяндама жасады. Архив саласының ардагері Алдияр Әубәкіров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Фролов және өзге де қоғам белсенділері тарихи оқиғаларды баяндап, қатысушыларға терең ой тастады.
Шара барысында мектеп оқушылары ақын Мағжан Жұмабаевтың монологын оқып, әдеби бірлестік мүшелері мен өлкетанушылар тарихи маңызы бар деректермен бөлісті. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сәкен Ғайса тың деректермен бөлісіп, қонақтардың ризашылығына ие болды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевтың және меценат Мұрат Телебаевтың сөздері де жиынның мазмұнын байытты.
Бұл тағылымды шара өткенге тағзым етіп қана қоймай, жас ұрпақты тарихи сананы құрметтеуге шақырған маңызды кездесу болды.
Фото: F16.kz.