F16.KZ
Жарияланды: 15:00, 31 май 2025
Өскемен / Жаналықтар

Зұлмат жылдар елесі: қасіретті тарихты қапысыз бейнелеген көрме

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Зұлмат жылдар елесі» атты әдебиеттер көрмесі жасақталды, деп хабарлайды F16.kz. 

Кітап көрмесінде қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті жылдар – 1921 және 1931-1933 жылдар аумағын қамтыған ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңін баяндайтын түрлі басылымдар, зерттеу материалдары, құжаттар мен көркем әдеби шығармалар ұсынылған.

Ашаршылық нәубетінің қайғылы себеп-салдары «1928-1934 қазақ ауылының қасіреті», Т.Омарбековтің «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті» еңбегінде, В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» деректі шығармасында толық суреттелген. Ал 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін М.Қойгелдиевтің редакциясымен жарық көрген «Красный террор: Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихынан» жинағында, «Сталин: 1937-38 ату тізімі», «1937-1938 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін», «1930-35 жылдардағы жер аудару тарихынан» еңбектерінде ұсынылған.

Көрменің бір бөлімі өз елінің азат болашағы үшін күрес жолында «Үлкен террордың» құрсауына ілініп, «халық жауы», «ұлтшыл» атанған  алашордашыларға арналады. Онда Алаш қозғалысы туралы үздік кітап деп танылған Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – алаш!», алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының өмірі мен қызметін тұңғыш рет мұрағат құжаттарына, фактілерге сүйене отырып қайта жаңғыртқан Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» екі томдық жинағы, Алашорда үкіметінің Шығыс бөлімі туралы бай мұрағаттық материалдар берілген «Шығыс Алашорда» кітабы, ғылыми-мәдени құндылықтар мен тәуелсіздіктің рухани негізін ашып, мұра еткен әкелі-балалы Мұхамедхан Сейітқұлов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған кітаптар және т.б. дүниелер қамтылған. Карлаг лагерінде айдауда болған саяси қуғын-сүргін құрбандары – қылқалам шеберлерінің туындылары топтастырылған «Карлагтың қара қарындашымен...» еңбегі де оқырманның ерекше қызығушылығын тудырды.

Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол», «Қазағым, елім» және т.б. кітаптары қойылды.

Репрессияланған қазақстандықтардың балаларының естеліктерінен құралған «Жоқтау» жинағынан нәубеттен аман қалған куәгерлердің оқиғаларын көруге болады.

Көрмеден қуғын-сүргін жылдарының Шығыс Қазақстан өлкесіне әсері жайлы еңбектерді де табасыз. «1932-1933 жылдардағы қазақ халқының ұлы трагедиясы тарихынан» кітабында ұсынылған мұрағаттық құжаттарда Шығыс Қазақстан қазақтарының Қытайға көшуі егжей-тегжейлі суреттелсе, «Книга скорби» кітабында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Шығыс Қазақстан облысы азаматтарының тізімі жарияланған.

Фото: Дана Әбдікәрім

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)