Басты / АЙДАРЛАР
Цифрлық Шығыс: технологиялар өмірімізді қалай өзгертеді?

Шығыс Қазақстан облысы цифрландыру саласында қарқынды даму жолында. Өңірде заманауи технологияларды енгізу, ақылды қалаларды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, IT-стартаптарды қолдау және интернетке қолжетімділікті кеңейту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ақылды қалалар және цифрлық бастамалар
Қалаларды цифрландыру – өңірдің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта ШҚО аясында 26 цифрлық бастама іске асырылып, олардың үшеуі жасанды интеллект (AI) технологияларын қолданады. Денсаулық сақтау саласында енгізілген «PACS» атты интеллектуалды жүйе онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Бұл жүйе 20 медициналық мекемеде жұмыс істеп, жасанды интеллект көмегімен 13 мыңнан астам медициналық суретті өңдеп шықты.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және қауіпсіздік
Мемлекеттік органдардағы бизнес-процестер автоматтандырылып, деректердің цифрлық тізілімдері құрылып, есептілік жүйелендірілді. Сонымен қатар, маңызды құжаттар цифрландырылды. 2025 жылы білім, мәдениет және энергетика басқармаларында да осындай жұмыстар жүргізілуі жоспарлануда.
- Өңірдің қауіпсіздігіне тағы бір қадам – «O.P.E.R» интеллектуалды бейнабақылау жүйесі. Облыс бойынша 5000-нан астам бейнекамера жұмыс істеп, олардың 300-і видеоаналитика мүмкіндігіне ие. Бұл технология құқық қорғау органдарына жылдам әрекет етуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға көмектеседі. Осы жобалардың арқасында Шығыс Қазақстан облысы «ақылды» өңірлер ұлттық рейтингінде 77 ұпай жинап, үздік үштікке енді, - деп атап өтті цифрландыру және ақпараттандыруды дамыту бөлімінің басшысы Арнұр Тұраров.
Ақпараттық технологиялар мен IT-шаралар
Өңірде ақпараттық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы облыста 96 IT-шара өткізілді, олардың ішінде хакатондар, мастер-кластар, бизнес-форумдар және тренингтер де бар. Бұл іс-шараларға 3107 IT-маман қатысты, ал 95 үздік стартапқа қаржылай және әкімшілік қолдау көрсетілді.
2025 жылдың басында өткен Digital Almaty 2025 халықаралық форумында DOGS командасы “Best AI Startup Idea” номинациясын жеңіп алды. Олардың LIFT жобасы – блокчейн және жаңа технологияларды үйренуге арналған білім беру платформасы, бұл Шығыс Қазақстан жастарының жоғары технологиялар саласындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Жобаларды басқару және инфрақұрылым
Өңірдегі цифрлық бастамаларды тиімді басқару үшін «Битрикс24» жүйесі енгізілді. Бұл платформа жобалардың орындалуын онлайн бақылауға, міндеттерді автоматтандыруға және жұмысты үйлестіруге мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде жүйеге Өскемендегі Гематология орталығы мен Риддер қаласындағы 600 орындық мектеп ендірілді. Гематология орталығының құрылысы 2020 жылдан бері жүргізіліп, қазіргі уақытта 80%-ға аяқталған, ал Риддердегі мектеп құрылысы да қажетті келісімшарттар жасалып, іске асырылу үстінде.
Интернет инфрақұрылымын дамыту
Аймақта интернет инфрақұрылымын жетілдіру басты назарда. Қазіргі таңда 219 елді мекеннің 96,7%-ы интернетпен қамтамасыз етілсе, қалған 138 елді мекен 2027 жылға дейін желіге қосылуы тиіс. Жергілікті билік бұл жұмыстарды 2026 жылға дейін жеделдетуді жоспарлап отыр.
Интернет сапасын жақсарту мақсатында:
• 160 мектеп Starlink спутниктік интернетімен жабдықталды;
• Республикалық жолдар бойында 25 антенна-мачталық құрылым салынуда;
• Өскемен қаласындағы «ақ дақтарды» жою үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып жатыр.
Цифрлық болашаққа сенім
Шығыс Қазақстан облысы заманауи технологияларға, цифрлық қауіпсіздікке және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше мән беріп отыр. Жасанды интеллектті қолдану, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, IT-стартаптарды қолдау және жоғары жылдамдықты интернетті дамыту – өңірді технологиялық тұрғыдан дамыған аймаққа айналдырудың негізгі қадамдары.
Шығыс Қазақстан цифрлық болашаққа нық сеніммен қадам басып, цифрлық технологиялар арқылы әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылып келеді деп айтуға толық негіз бар.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған
Қатысты сілтемелер:
Тағыда оқи отырыңыз:

ШҚТУ-да тау-кен металлургия кәсіпорындары үшін жасанды интеллект орталығы құрылды

«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр

Қазақстанда жаңа комитет құрылды

Шалғайдағы ауылдарға өркениеттің сәулесі қашан жетеді?

Шығыстың шекаралық аудандарында қандай мәселелер туризмге тұсау болып отыр?