ШҚТУ-да тау-кен металлургия кәсіпорындары үшін жасанды интеллект орталығы құрылды
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында қазақстандық компаниялармен консорциум аясында Industrial AI құзырет орталығы құрылды.
Бұл орталық металлургия, энергетика және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында инновациялық шешімдерді әзірлеумен айналысады, деп хабарлайды F16.kzсайты.
Alpha-Safety, Rating, Normal Work және Дипмайн Технолоджис сияқты жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын сынақтан өткізу және енгізу саласында жұмыс істейтін отандық компаниялармен серіктестік ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды өндірістік қызметке тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуына ықпал етеді.
Industrial AI – Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Ол, ең алдымен, тау-кен металлургия саласына арналған жасанды интеллект саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге бағытталған. Бастама өндіріс процестерін автоматтандыруды, еңбек тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруды, сондай-ақ отандық өнеркәсіптің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді.
Осы жылдың желтоқсан айында Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын білім мен инновацияға негіздеу қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, Қазақстанның технологиялық және экономикалық дамыған ел болуы үшін ерекше назар аударуды қажет ететін салалардың бірі – жасанды интеллект. Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында Мемлекет басшысы ЖИ дамытуға ерекше көңіл бөліп, оның әлемдік экономиканы трансформациялаудағы рөлін және Қазақстанда түрлі салаларда енгізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол ЖИ бағытында жұмыс істейтін жаңа институттардың қажеттігін айтып, болашақта ШҚТУ-да ашылған орталық осындай институттардың бірі болатынын айтты.
Industrial AI орталығының бірнеше негізгі бағыттары бар. Олардың бірі – нақты уақыт режимінде деректерді талдап, өндіріс процестерінің қауіпсіздігі мен бақылауын қамтамасыз ететін машиналық көру жүйелерін енгізу. Сонымен қатар, жабдықтарды бақылау және кәсіпорындардың энергетикалық инфрақұрылымын басқару үшін ЖИ технологияларын пайдалану жоспарлануда. Бұдан бөлек, орталық жаңа технологияларды меңгеру, тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін тиімді алаңға айналады.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы Industrial AI орталығы ғылымды, білімді және озық технологияларды дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, ол ғылыми қауымдастық пен өндірістік сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Ғылыми көзқарас пен ЖИ технологиялары негізіндегі жүйелерді қолдану арқылы елдің тау-кен металлургия саласы дамудың жаңа деңгейіне шығып, айтарлықтай серпіліс жасай алады. Өндіріс пен оның процестерін жаңғырту – Қазақстанның жоғары технологиялар әлеміндегі болашағы үшін маңызды кезең.
Фото: ШҚТУ баспасөз қызметі