Қазақ тарихын өзгерткен тұңғыш журналист әйел

Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі. Оның журналистік қызметі сол кездегі күрделі, ауыр мәселелерге арналып, қоғам санасына жақсы тұстан әсер етуге бағытталған. Ұстаз, этнограф, аудармашы әрі журналист. Қазақ тарихында ерекше орынға ие – Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова.
Нәзипа Құлжанова 1887 жылы 27 шілдеде, Торғайда дүниеге келіп, 1934 жылы дүние салды. Өзінің 47 жыл өмірінде қазақ тарихында аты өшпестей жазылып, қазақ қыздарына үлкен жол ашты. Бұл мақалада жалпы Нәзипа Құлжанованың хронологиясына, халыққа арнап жазған кітаптарына, Абайдың 10 жылдығына орай өткізілген әдеби кешіне және жеке өміріне шолу жасайтын боламыз.
Хронология: 1902 – жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясыне бітірген.
1903-1904 - жылдары Торғайдағы қыздар училищесін бітірді.
1905 жылы - Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстазболған.
1913 – Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне, “Азамат серіктестігі” ұйымдарына мүше болған.
1914 жылы 26 қаңтарда - Абайдың он жылдығына орай әдеби кеш ұйымдастырды.
1915 жылы 13 ақпанда - Петроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмектесу үшіндеби кештер ұйымдастырған.
1917 жылы – Семей облысы қазақ сиезінің төралқа құрамына енді.
1920 жылы – Қырғыз АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітап шығару, баспасөз істері жөніндегі жөніндегі арнаулы комиссияның құрамында жұмыс істеген. Дәл осы жұмыста істей жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комитеттің құрамына енеді.
1922 жылы – “Еңбекші қазақ” газетінің редакция алқасының мүшесі атанды.
1923 - 1925 жылдар аралығында “Қызыл Қазақстан”, ал 1925 – 1929 жылдары “Әйел теңдігі” журналдарында қызмет атқарған.
1923 жылы – Орынборда “ Мектептен бұрынғы тәрбие” кітабы жарық көрді.
1927 жылы – “Ана мен бала тәрбиесі ” атты әдістемелік кітаптары басылып шықты.
Әр жыл өздігімен ерекше. Қазақ халқының қараңғыдан шығуына ат салысқан Нәзипа өмірден өткеннен кейін де артынан үлкен із қалдырған. Өзінің жастығына қарамастан 15 жасында әйелдер училищесінде мұғалімнің көмекшісі болып еңбек еткен. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазды. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған.
Жүсіпбек Аймауытұлының өзі «Айқап» журналына Нәзипа жайлы былай деп жазған: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс». Нәзипа Сегізбайқызы мектепке дейінгі бала тәрбиесі туралы және оның жас ерекшеліктеріне назар аудару қажет екенін нақты мысалдармен түсіндіріп кеткен. Баланың байыппен дамуы үшін әр айтылған сөз, жасалған қимыл, әрекет, балаға үйрететін заттар да шамадан тыс не кем болмауын, тым ауыр болмауы да шарт дейді. Мөлшерден артық тапсырмалар баланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкіндігін және баланың дамуы үнемі дәрігер мен педагогтың бақылауында болуы қажет дейді.
Нәзипаның жеке өміріне шолу:
Ол алғашында әке-шешесінің қалауымен бір жігітке атастырылған еді. Одан қоса, алдын ала қалыңмал алынып қойған. Қыз бойжеткен атанып, атастырылған жігітті сүймегендіктен қарсы шығып, оған тұрмысқа шығуға бас тартты. Ол кездері бұндай мәселелерді шешу тіпті мүмкін емес еді. Ұят болады, ата-ананы тыңдау керек деген ұғыммен жас қыздар еркінен тыс тұрмыс құратын. Нәзипаның батылдылығы сонша, бұрыннан келе жатқан қазақ салты бойынша берілген қалыңмалын қайтаруға тиісті болған. Бірақ, қыз отбасының материалдық жағдайы төмен еді... Бұл жағдайдан шығу үшін облыстық әскери прокурордың көмегіне жүгінді. Осылайша, мәселе өзінің оңтайлы шешімін тапқан. Кейі, Нәзипа Сегізбайқызы жаны қалаған адамға тұрмысқа шыққан. Жұбайы Нұрғали Құлжанов – осы заманның көрнекті ағартушыларының бірі. Ол да мұғалімдік қызметін атқарған. 1905 жылы жанұя Семей қаласына көшіп келген.
Негізінде, ерлі – зайыптылардың Семейге келуін зерттеушілер екі түрлі жағдаймен түсіндіреді. Бірінші жағдайда, 1905 жылы ішкі Ресейден көтерілген төңкеріс толқыны қазақ ауылына жетіп, ғни, Құлжановтар патша сақшыларының “назарына іліккен” десе, екінші себебі – Нәзипаның ата-анасының ескі әдетпен біреуге атастырып, қызы үшін қалыңмал алып қойғандығы жұрттың тіліне тиек болған еді. Бұл ақпаратты Гүлжан Кәріпжанова жолдаған, Санкт-Петербург қаласының, мұрағаттар қорынан алынған дерекете айтылған.
«Конечно, Сегизбаевой не хотелось идти в замужество на положении проданного существа, за совсем чужого ей человека, возвратить калым не имелось средств, почему она и обратилась к военному губернатору, области с просьбой оказать ей в этом положении помощь, каковую она и получила» - деді, Гүлжан Кәріпжанова.
Нәзипаның өмірлік серігі Нұрғали Құлжанов 1870 жылы Торғай облысының Жетіқара болысында туған.1919 жылы Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапқан.
Ерлі – зайыпты Құлжановтар халықтың рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосқан жандар. Озық ойлы, биік мәдениетті, жаңашыл жайсаң адамдар еді. Олар екі тілде, орыс және қазақ тілінде таза сөйлейтін шешен кісілер еді. Сондықтан да, бұлардың есімін “Қос қарлығаш” деп халық үлкен құрметпен атайтын.
Абайдың он жылдығы. Әдеби кеш
Алғашқы әдеби кеш Семей қаласында 1914 жылдың, 26 қаңарында өтті. Толық атап өтсек, Императорлық орыс географилық қоғамы Семей бөлімшесінің, энографиялық, деби – музыкалық вокалдық кеші. Көптеген ұлт өкілдерін жинаған, қазақ және орыс тілдерінде өткен, сол уақыттағы белгілі өнер иелері қатысқан кешті ұйымдастырып, тек өзі ғана емес, тұтастай алғанда георгафиялық қоғамның Семей бөлімшесіүшін де үлкен сын болатын. Сол ірі сыннан Нәзипа бастаған зиялылар сүрінбей өтті. Алдын ала кештің бағдарламасы жасалып, кешке кім қатысып, қандай өнер көрсететіндігі анықталып, тынымсыз дайындық жүргізілген. Бұл жиын қазақтың , ұлы ақыны Абай Кұнанбайұлының , қайтыс болғанына 10 жыл толуына арналып ұйымдастырылған. Кештің қалай өткені туралы “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде шағын хабарлар жарияланған.
“Мектептен бұрыңғы тәрбие”
Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты еңбегіне Ахмет Байтұрсынов кіріспе сөз жазып, бұл еңбекке «Қазақстан топырағындағы жаңа тақырыпқа арналған тың туынды» деп жоғары баға берді. Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің жұмыс мазмұнын, атқаратын қызметін айта келіп, баланы тәрбиелеу, өсірудегі ерекшеліктеріне тоқталады. Үш пен жеті жас аралығындағы балалардың ерекшеліктерін – бала әлемі жайлы айтады. Әсіресе, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды. Қазақтар баламен сөйлесуге жете мән бермейді. Сондықтан, олардың сөйлеу мәдениеті толыққанды жетілмейді дейді. Баланы табиғат аясында тәрбиелеудің, табиғат құбылыстары жайында үнемі әңгіме жүргізудің тағылымдық мәніне терең тоқталады. Ол баланы жас кезінен бастап табиғат аясында тәрбиелеудің эстетикалық әсерін айта келіп, «Бала даланың кеңдігінде шолпылдатып суға түсіп, жүгіріп құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын тоғай арасында сайрандай жүріп, көңілі де, жан-тәні де бірдей өсіп, өркендемек» дегенді айтады. Автор осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл көтеру және денесі еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік сезімді болып келеді» деп мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін сөз етеді.
“Қазақ әйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һәм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін ура жол – оқу, өнер, кәсіп” – деп, жазған Нәзипа өз еңбектерінде.
Фото: rnpb.kz
Автор: Омар Малика Жақсылыққызы




