Қытайға жеткен Зайсанның газы ауылдарға неге жетпеді?
Еліміздің «Шығыстағы қақпасы» атанған Зайсан ауданында көмір де, табиғи газ да бар. Бірақ жер байлығының игілігін жергілікті халық тегіс көре алмай отыр. Өзінде өндірілетін қатты отынның бағасы удай қымбат. Ал газ ауданның ауылдарына толық жеткен жоқ.
Кендірліктің көмірі удай қымбат
Кендірлік көмір кеніші Зайсан шәрінен оңтүстік-шығысқа қарай 60-70 шақырым жерде – Сауыр үстіртінің теріскей бетінде орналасқан. Аудандық мұражай деректеріне сүйенсек, кен орны 1874 жылы ашылған. Барлау жұмыстары 1920 жылы жүргізілген.
Кеніш Кендірлік өзені бастау алатын үстіртте болған осылай аталған. Жергілікті халық бұл жерді бұрыннан игерген. Ертеде мұнда шағын шахталар жұмыс істепті. Жұртшылық көмірді қайла, кетпен, күрек, сом темiрмен қопарып, өндірген. Қыста ат шанамен, жазда арбамен Зайсанға тасыған.
Кен орнында шамамен 400 млн тонна көмір қоры бар деп болжанған. Кеніштің темір жолдан тым қашықта жатуы жер байлығын көп мөлшерде игеруге мүмкіндік бермейді. Бұралаңы көп тау жолымен жүру көліктерге де оңай емес. Бұл да көмірдің бағасына кері әсер етеді. Дайыр ауылының тұрғыны Мұрат Нәсіпбаев күш-қуаты бар, тың кезде көмірді кеніш басынан өз көлігімен барып әкелетін. Қарттыққа қадам басқалы денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы мұңға айналған.
Зайсанның көмірін іргелес Тарбағатай, Марқакөл, Күршім аудандарының халқы да қымбатқа сатып алып отыр. Мәселен, Тарбағатайда оның бір тоннасы 30-35 мың теңге аралығында болса, Марқакөлде 30-37 мың теңгеге дейін барады. Жол ұзаған сайын баға өседі.
Жолда қалған жоспар, орындалмаған уәде
2013 жылы Зайсан өңіріндегі Сарыбұлақ кенішінде табиғи газ өндіріле бастағанда көршілес Күршім, Тарбағатай, Марқакөл аудандарының халқы да бөркін аспанға атып қуанған. Қуанатын себебі, әу бастағы жоспар бойынша игерілетін көгілдір отынның тең жартысы Қытайға экспортталса, қалғаны аталған аудандарға тартылуға тиіс еді. Бірақ жоспар іске аспады. Арада 11 жыл өткенде Зайсанның өзінде ауылдар толық газдандырылмай, жоба жол ортада қалды. Бүгінде жоспарланған 18 елді мекеннің 10-ы ғана газ пайдаланып отыр. Олар: Зайсан қаласы, Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал. Ал “2022 жылы газға қосылады” деп жоспарланған 8 ауыл: Дайыр, Біржан, Сарытерек, Сарыжыра, Көкжыра, Қуаныш, Жарсу, Бақасудағы ағайын әлі күнге от жағып, күл шығарады.
Көпбалалы ана Сәуле Рахманова Зайсанның 10 ауылына тартылған табиғи газдың Дайырға жетпей қалғанына қынжылады. «Газ міне келеді!» деп дүйім елді емексітіп қойып, неше жылдан бері күттірген жергілікті биліктің әрекеті зейнеткерді ғана емес, бүкіл ауыл жұртын сергелдеңге салған.
Тұрғындар 2021 жылы Дайыр ауылының сыртына газ тарататын қондырғы орнатылып, артынша көшелерге құбыр тартыла бастағанын айтады. Мұны көрген жұрт көп ұзамай көгілдір отын келіп қалар деген сеніммен үйін қамдап, кейбірі газ пешін сатып алып қойған. Ал енді біреулер газ пешіне арнап жеке бөлме салған. Содан бері үш жыл өтті. Уәде етілген газды халық әлі күтіп жүр.
Өз жерінде өндіріліп жатқан табиғи байлықтың игілігін көре алмай отырған Зайсан ауданындағы тағы бір елді мекен – Қуаныш ауылы. Алты ай қыста күніне екі мәрте от жағып, күл шығару ауыл адамдарына оңайға соқпайды. Сақылдаған аязда құлқын сәріден тұрып, құшақ-құшақ отын бұтап, шелекпен көмір тасып, пешке от жағудан жұрт қажыған. Бір уақыт газдың игілігін көргісі келеді.
Қуаныш ауылындағы темір қақпалы еңселі үйдің сыртында үйілген көмірді көріп, солай қарай аяңдадық. Қақпаның арғы жағынан орта жастағы әйел шықты. Өзін Айгүл деп таныстырды.
Ауылдасының сөзін жергілікті кәсіпкер Асқар Қайырбекұлы да қуаттады. Ауылға газ тартылса қаладағыдай жайлы тұрмыс кешер едік деді ол.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, табиғи газ келсе қарапайым халықтың тұрмысы жеңілдеп, қаражаты үнемделмек. Өйткені көмірмен салыстырғанда көгілдір отынның бағасы анағұрлым арзан әрі машақаты аз. Мәселен, бір үй қыс бойы көмірге орта есеппен 250 мың теңгедей шығындаса, газға ары кетсе 50 мың теңге ғана жұмсайды.
Он жылдан кейін не болады?
Қапаланбай қайтсін, 8 ауылға енді кезек келгенде кен өндіретін компания “Сарыбұлақ кенішінде 10 жылға ғана жететін қор қалды” деген ақпарат таратты. Сарыбұлақтағы 3 млрд 325 млн текше метр газ қорының бүгінде 3 млрд текше метрі Қытайға сатылып кеткен. Тек жергілікті халық наразылық білдірген соң 2 жыл бұрын газды экспорттау тоқтатылған.
Былтыр Бас прокуратура кен өндіруші кәсіпорынның табиғи байлықты нарықтағы бағадан арзанға сатқанына және көп мөлшерде экспорттағанына наразылық білдірген. Іс Жоғарғы сотта қаралып, жекеменшік компанияны айыппұл төлеуге міндеттеді.
«Курсив» басылымы: «Қытай ұйымы өз қаражаты есебінен Қазақстан аумағында басқа газ көздеріне жақын жерде заманауи сұйытылған табиғи газ зауытын жобалауға және салуға міндеттенеді» деп жазды. Алайда басылымның ақпаратына сенсек, құжатта көрсетілген кейбір міндеттемелер әлі күнге дейін орындалмаған.
2022 жылғы 24 сәуірде республикалық «Казахстанская правда» газетінің сайтында «Газ не про нас?» деген мақала жарияланды. Мақалада автор бұрынғы облыс әкімі Даниал Ахметовтің сол кездегі премьер-министр Әлихан Смаиловқа жолдаған хатынан үзінді келтіреді. Хатта Сарыбұлақ кенішіндегі газ қоры таусылуға таяғанын, сондықтан 2021 жылғы желтоқсанда Энергетика министрлігінің шешімімен экспортқа тоқтау қойылғаны жазылған. Сондай-ақ 2013 жылдан бері Зайсан газының 88,3%-ы сыртқа сатылғаны, ал жергілікті тұтынушыларға бар-жоғы 2,2% ғана мөлшерде көгілдір отын бұйырғаны айтылады. Бастапқы кезде қол қойылған келісім құжатқа сәйкес, Сарыбұлақ газын Қытай мен Қазақстан тарапы тең мөлшерде қылдай бөліп алуы керек еді. Іс жүзінде жер байлығының иесі – Қазақстанға бірнеше есе аз үлес тиген.
Зайсан ауданының елді мекендеріне газ құбырын тартуға бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Мәселен, 2020 жылы аталған 8 елді мекенге газ жеткізетін 52 км магистральдық желі тартуға 852,5 млн теңге бөлініп, игерілген. 2022 жылы ауылдардың ішіндегі газ құбырын тартуға 215 млн теңге жұмсалған.
Кен өндіруші компанияның жүйесіз жұмысының салдарынан бүгінде қазына қаржысы босқа шығындалып, ауылдар газсыз қалды. Егер аталған 8 ауылға газ тартылса жер қойнауындағы қор тез түгесіліп қалады. Өйткені Сарыбұлақ кенішіндегі қор ауданның көгілдір отынға қосылған елді мекендерін 10 жыл қамтамасыз етуге ғана жетеді. Ендеше 10 жылдан кейін не болмақ? Бұл сұрақ қарапайым халықты қатты мазалайды.
«Тарбағатай мұнай» компаниясына телефон шалып, кеніштің болашағы мен қазіргі жағдайы туралы білуге тырысқан едік, ондағы мамандар бір-біріне сілтеп, жарытып жауап бермеді. Ресми сауалхат жолдадық. Мақала жарық көргенше жауап келмеді. Ал аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы жоспарланған ауылдарға келешекте газ бара ма, жоқ па әзірге белгісіз екенін айтты.
Сарыбұлақ кенішінде газ қоры түгесіле бастағанын облыс әкімдігі растап отыр. Кейінгі жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді
Сарыбұлақтан газ табылып, дүйім жұртқа сауын айтылғалы міне 11 жыл болды. Сергелдеңге түскен 8 ауылда биыл да көгілдір шырақ жанбады. Қарапайым тұрғындар көше бойымен қазылған шұңқырдың табанында жатқан құбырларға қарап, күндердің бір күнінде газ келер деген үмітпен өмір сүріп жатыр. Ал қазір газдың қызығын көріп отырған елді мекендердің халқы “10 жылдан кейін қайта көмірге көшеміз бе” деп уайымдайды.