Катонқарағайлық отбасылар орыс тілді оқушыларға қазақ тілін үйретеді
Катонқарағай ауданында «Қонақжай отбасы» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып жатыр.
Былтыр пилоттық жоба ретінде басталған «Қонақжай отбасы» лагері биыл да жалғасын тапты. Глубокое, Риддер, Алтай, Шемонаиха секілді орыс ұлты көп шоғырланған аудандардың оқушылары Катонқарағайда он бес күн бойы қазақ тілін үйренеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Оқушылардың күнделікті арнайы бағдарламасы бар. Олар оқу-жаттығудан бөлек ауданның киелі жерлерімен танысады. Балаларды қабылдап алған отбасылар - алдын ала курстардан өтіп, бағыт-бағдар алған педагогтар. Жазғы лагерге келген балаларға ас-суын әзірлеп, барлық жағдайды жасайды.
Кеше оқушылар Берел қорық-музейін аралап, сақтар мен түркілердің заманынан сыр шертетін көне жәдігерлерді тамашалады. Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкейдің музейіне бас сұғып, жазушының өмірбаянымен танысты. Қымыз ауылдарына барып, бие байлаудың қыр-сырын да көріп қайтты.
Қонақжай отбасының жетекшісі Роза Ауғанбаеваның айтуынша, биыл төрт мектептің мұғалімдері өз үйлеріне орыс тілді балаларға қазақ тілін үйрету үшін қабылдап отыр екен. Мысалы, Жамбыл орта мектебінің мұғалімдерінің өзі ғана 28 баланы қабылдаған.