F16.KZ
Жарияланды: 17:00, 23 май 2025
Жаналықтар

Шымкентте 71 млн теңге жымқырған мектеп директоры мен бас есепші сотталды

Шымкент қаласында білім беру мекемесінің директоры мен бас есепшісі 71 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды F16.kz.

Қалалық соттың мәліметінше, олар екі жыл бойы педагогтарға артық мөлшерде жалақы тағайындап, ол ақшаны өз мүдделеріне пайдаланған.

Директор мен бас бухгалтер алдын ала сөз байласып, 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың тамызына дейін аса ірі мөлшерде материалдық пайда алу мақсатында мұғалімдердің жалақысын есептеу кезінде оларға артық ақша аударған. Бухгалтер бұл қаражатты өзінің шоттарына, сондай-ақ жақын туыстарына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айырбастаған, - деп жазылған хабарламада. 

Олардың бұл әрекетінің салдарынан мемлекеттің 71 млн теңгеден астам ақшасы талан-таражға түскен.

Бұдан бөлек, директордың орынбасары арқылы декреттік демалыста болған мұғалімнен жұмысқа мерзімінен бұрын шығу үшін пара алынғаны да дәлелденді. Аталған сома – 150 мың теңге.

Сот барысында айыпталушылардың бірі өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірсе, екіншісі өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ақталуға тырысты. Алайда, сот шешімімен екі қызметкер де 8 жылға бас бостандығынан айырылып, оларға мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығы өмір бойына шектелді.

Фото: F16.kz/коллаж

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)