F16.KZ
Жарияланды: 12:00, 23 май 2025
Жаналықтар

Ауыл шаруашылығында инвестиция көлемі артты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәлімдеуінше, агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) тартылған инвестиция көлемі 2025 жылдың алғашқы төрт айында 213 млрд теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 18%-ға өсті, деп хабарлайды F16.kz.

Оның ішінде ауыл шаруашылығына (балық шаруашылығы да бар) 164,2 млрд теңге, тамақ өнімдерін өңдеуге 48,7 млрд теңге бағытталған.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп 2025–2027 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларының жол картасын әзірледі. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 282 жоба жүзеге асырылса, келер жылы – 267, 2027 жылы 128 жоба қолға алынады. Негізгі инвестициялық бағыттар: ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, жеңілдетілген қаржыландыру арқылы тауарлы-сүт фермаларын құру жұмыстары жалғасты. Биыл осы бағытта 141 жобаға 200 млрд теңге бөлу көзделген.

Биыл іске асырылатын ірі жобалар қатарында жүгері, май, жүн және құс өнімдерін өңдейтін зауыттарды іске қосу бар. Сонымен қатар Түркия, БАӘ, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерімен бірқатар халықаралық инвестициялық жоба қарастырылып жатыр.

Аталған шаралар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртып, шетелдік инвестиция тарту арқылы оның тиімділігін арттыруға бағытталған.

Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)