Өскеменде жүзден астам шаңғышы жарыс жолына шықты
Бүгін облыс орталығындағы Комсомол аралында жүзден астам шаңғышы жарыс жолына шықты. Олардың қатарында бұл спорт түрін кәсіби деңгейде меңгерген шеберлер де, әуесқойлар да бар. Сайыскерлердің кішісі он жастан енді асса, ең үлкені тоқсанға қадам басқан өскемендік қария болды.
«Рождестводағы жарыс» деп аталған шаңғымен жүгіруден қаланың ашық біріншілігі православ христиандарының қасиетті мейрамы Рождествоға орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kzтілшісі.
Бас төреші Олег Переверзевтің айтуынша,біріншіліктің ережесіне сәйкес қатысушылар жас ерекшелігіне қарай бірнеше топқа бөлініп сынға түсті.
– Мұндай жарыстар Өскеменде жыл сайын өткізіледі және қаланың әр ауданында ұйымдастырылып келеді. Комсомол аралында өтіп жатқан бұл жолғы бәсекені Рождество мейрамына орайластырдық. Жарысқа бәрі қатыса алады, шектеу жоқ. Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған кәсіби шаңғышылар да, әуесқой тұрғындар да бар. Бүгінгі додада өнер көрсеткен жеткіншектер арасынанертеңгі күніхалықаралық аренада ел намысынқорғайтын мықты спортшылар шықпасына кім кепіл? Сондықтан болам деген баланың белін буып, топқа салдық, – деді бас төреші.
Ашық біріншілік болғандықтан оған өскемендіктер ғана емес, облыс орталығына жақын Ұлан, Глубокое аудандарынан да сайдың тасындай іріктелген кіл жүйріктер қатысты. Солардың бірі Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны Еділ Қайратұлы.
– Шаңғымен айналысқанымен 20 жылдай уақыт болды. Оның ішінде жазғы және қысқы президенттік көпсайысқа машықтанғанмын. Мұндай дүбірлі бәсекелер өңірде жылда өткізіледі және оған қатысатын адамдардың қатыры да жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұқаралық спортты дамытуға осындай дәстүрлі шаралардың тигізер пайдасы зор. Бұл өсіп келе жатқан жас буын үшін өте керек, – деді осы чемпионаттың алтын медалін жеңіп алған Еділ Қайратұлы.
Таң бозынан ымырт үйірілген шаққа дейін созылған бәсекеде жоғарыда айтып өткендей бірнеше жас ерекшелігі бойынша мықтылар анықталды. Солардың ең негізгісі 34-60 жас аралығындағы шаңғышылар сайысы еді. Бұл топта жүлдеге таласушылардың саны да көп, сапасы да жоғары (кәсіби спортшылар қатысты) болды. Бұл санатта чемпиондық атақты ұландық Еділ Қайратұлы талассыз иеленсе, күміс жүлде араға 23 жыл салып аяғына шаңғы байлаған журналист Серік Әбілханға бұйырды. Ал үздік үштікті өскемендік Ерболат Күсеков еншіледі.
– Мектепте оқығанда өзге спорт түрлерімен бірге шаңғымен де айналыстым. Соңғы рет 2002 жылдың ақпан айындашаңғыдан Күршім ауданының чемпионатына қатысып, топ жарғанмын. Содан кейін аяғыма шаңғы байлап тұрғаным осы. Арада бірқыдыру уақыт өтіпті. Үйренген машығын адам бәрібір ұмытпайды екен. Жарыс алдында бір айналып келіп едім, бәз-баяғыдай зулап кете бердім. Әрине, доп ойнап, жүгіріп, спортпен тұрақты шұғылданған соң бабыңда жүресің. Соның арқасы ғой жүлдегерлер санатынан табылғанымыз, – деді журналист Серік Әбілхан.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қалалық спорт бөлімі әзірлеген медальдар мен мадақтамалар табыс етілді. Жарыстың бас төрешісі О.Переверзев ендігі шаңғы жарысы араға апта салып Өскемендегі Шоқ қайың алабында өткізілетінін хабарлады.