Шығыста ат спортының басынан бағы тайды ма?
Кезінде атағы дүркіреп шыққан Шығыстағы ат спортының бұл күнде басынан бағы тайған. Ұлттық спортты ұлықтауға келгенде кежегесі кері тартып тұратын жергілікті биліктің көкпардан волейболды, аударыспақтан жеңіл атлетиканы артық көретіні жасырын емес.
F16.kz тілшісі бағзыдан жеткен баба мұраны өлтірмей, келер ұрпаққа сақтап қалуға тырысып жүрген ат спорты өкілдерімен тілдесіп, көкпаршылардың көкейіндегі мәселелерге назар аударды. Иә, ат спорты десе арқасы құрысып, шекесі тырыса қалатын шенді-шекпенді үстел теннисіне үлкен бір сарай соғып берді Өскеменнен. Ол аз десеңіз футбол, волейбол, хоккей, жеңіл атлетика, жекпе-жек сарайлары тағы бар. Волейболға миллиондап қаржы құйды. «Аltay аthletics» деп клуб ашып, сонау Африкадан желаяқтар алдырды. Айта берсек, спорттың өзге түрлеріне жасалып жатқан жағдай, көрсетіліп жатқан құрмет жыртылып айырылады. Ал тұлпар мініп, ту ұстаған тастақым жігіттер тозған ғимараттарды паналап, жанашыр жандарды сағалап жүруге мәжбүр. Шығыста қазір үш ат спорты мектебі бар. Бар деген аты ғана. Әйтпесе олардың жоғын түгендеп, барын насихаттап жатқан ешкім жоқ. Үш мектептің бірі Самар ауданының Көкжота ауылында болса, қалғаны Тарбағатай ауданы мен Өскеменде орналасқан.
Самар ауданына сапар барысында біз Көкжотадағы ат спорты мектебіне бас сұғып, мекеме директоры Қанат Бихатовпен аз-кем сұхбаттастық. Ол аймақтағы ат спортының жағдайы тым мүшкіл екенін айтып дабыл қақты.
Көкжотадағы жасөспірімдерге арналған спорт мектебі 2018 жылы қүрылған. Сол кездегі Көкпекті ауданының әкімі (ол кезде Самар ауданы Көкпекті ауданының құрамында болған) Асхат Смаиловтың тікелей тапсырмасымен ашылған. Ал жалпы ауданда ат спорты 2009 жылы «Дархан» көкпар клубы құрылған кезде жақсы дамыған. Дәлірек айтсақ, облысты ұлттық рухы биік әкім Бердібек Сапарбаев басқарған кезде көкжоталық көкпаршылардың атағы дүркіреп шыққан. Көкжоталық ғана емес, бүкіл Шығыста ат спортының айы оңынан туып еді. Тарбағатай мен Ұланның, Күршім мен Катонқарағайдың, тіпті орысы көп Глубокое ауданының, Риддер қаласының балуандары суырылып топқа түсіп, тақымға серке басқан. Республикалық дүбірлі додаларда олжа салып, үздіктер қатарынан табылып жүретін. Кейін бұл дәурен де өтті кетті. Облыс басшылығынан қолдау болмаған соң бәрі құрдымға кетті. Қазір ат спорт мектебінің жасөспірімдер командасында 10 шабандоз бар. Ал орта буында – 24 шабандоз.
Қанаттың өзі бала кезінен ат құлағында ойнап өскен. Қаршадайынан қазанатты тақымдап, көкпар шапқан ол ер жеткенде ауданның, облыстың намысын қорғаған. 2009 жылдан бері Самар ауданында ат спортының дамуына шама-шарқынша үлес қосып келеді. Бүгінде жас спортшыларды баулып, бапкерлік қызметтің ыстық-суығына қатар төзуде. Аймақтағы ат спортының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азаматтардың сойынан десек артық айтқандық емес Қанатты. Жоқтан бар жасап, құрап-сұрап болса да осы ұлттық спортымыз өлмесе екен деп жанталасып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Бір ғана мысал, былтыр қатты дауыл соғып, Көкжотадағы ат спорты мектебі ғимаратының шатырын қиратып кеткен. Сол кезде Қанат бастаған жанашыр азаматтар өз қалталарынан ақша шығарып, мектептің шатырын жаңалаған еді. Өкініштісі, биыл да қатты соққан дауыл жаңа жабылған шатырдың шетін жұлып кеткен. Мәселені көріп, біліп тұрса да жергілікті билік, жауапты сала басшылары ешқандай көмек көрсетпеген.
Күні кеше Астана төрінде дүркіреп Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп, еліміздің өзге өңірлерінде көкпар мен аламанның көрігін қыздырып жатқанда Шығыста ат спортының кенжелеп қалуы Қанат Қалибекұлын қатты қынжылтады. «Жарты әлемнің мықтылары жиылған жаһандық додада ат спорты ойындарына Шығыс Қазақстаннан бір спортшы қатыспауы масқара ғой» деп кейіді Қанат көкпаршы.
Облыста қазір үш ат спорты мектебі бар дедік жоғарыда. Өскемен мен Тарбағатай көкпаршыларының жағдайы көкжоталық шабандоздардан асып тұрғаны шамалы. Өйткені өңірде ат спортына көңіл бөліп отырған ешкім жоқ. Төл спортымызды ұлттық құндылықтан гөрі той-томалақта, ас пен жиында көпшілік қызықтайтын ойын деңгейінде ғана қабылдайды жергілікті басшылар. Жоғарыдан қолдау болмаған соң қайран спорт қайдан дамысын?!