Денсаулық сақтау министрі Өскемендегі гематология орталығында болды

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдегі медициналық нысандарды аралап, болашақ мамандарды даярлайтын оқу орындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар елімізде баламасы жоқ гематологиялық орталықтың құрылысын көрді, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемендегі медициналық колледжде министр оқу кабинеттерін, практикалық дайындыққа арналған құрал-жабдықтарды қарап шықты. Оқытушылар және студенттермен кездесуде Ақмарал Әлназарова медициналық білім беруде болатын өзгерістерге тоқталды. Кездесуде оқу бағдарламаларын жаңарту, тәжірибеге негізделген оқытуды күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру, өңірдегі медициналық мекемелермен өзара іс-қимыл және білім беру процесін жетілдіру ұсыныстары талқыланды. Студенттер интернатурадан өту жағдайларын жақсарту мен жас мамандардың жалақысы туралы сұрақтар қойды.
Өскемен қалалық №2 емханасында министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын бағалап, жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін аралады. Емделушілермен және медицина қызметкерлерімен тілдесіп, алғашқы медициналық буынның маңызын атап өтті.
Құрылыс жүріп жатқан гематология орталығына барған ведомство басшысы жобаның бірегейлігі мен ауқымын атап өтті. Бұл нысан қан ауруларын анықтау мен емдеудің мүмкіндіктерін өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша кеңейтеді. Құрылыс алаңында денсаулық сақтау министрі мен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның негізгі параметрлерін талқылады.
Жоғары технологиялы гематология орталығы бірнеше корпустан тұрады және түрлі бағытта қызмет көрсетеді. Нысан іске қосылған соң өңірде ғана емес, республика бойынша медициналық көмектің сапасы едәуір артады.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




