Ауыл әкімдері цифрлық технологияның қыр-сырын үйреніп алды

Oskemen Hub базасында ауыл әкімдерін арнайы қайта даярлау курсы аясында өңірлік басқарудағы цифрлық шешімдерге арналған шеберлік сабағы өтті. Бұл іс-шара заманауи технологиялар мен интеллектуалды шешімдерге негізделген басқару тәсілдерін дамытуға бағытталды, деп хабарлайды F16.kz.
Шеберлік сабағының негізгі мақсаты – басқару тиімділігін арттыру үшін цифрлық сервистер мен интеллектуалды жүйелерді енгізуге қажетті практикалық құралдарды және білімді көрсету. Жиын барысында қатысушылар заманауи цифрлық платформалар мен шешімдер арқылы жергілікті басқару жүйесін жетілдіру жолдарын талқылады.
Іс-шара аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы үздік жобалары таныстырылып, нақты мысалдар келтірілді. Бұл жобалар өңірлік деңгейде тиімді басқару мен азаматтармен өзара байланыс механизмдерін жақсартуға бағытталған.
Семинарда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен технология трансфері орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев, Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы сынды спикерлер сөйледі. Олар цифрлық технологияның болашағы, оның жергілікті деңгейдегі басқару жүйесіне ықпалы жөнінде ой өрбітіп, деректермен жұмыс, аналитикалық платформалар, тұрғындармен тиімді байланыс құралдары және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мүмкіндіктерін қарастырды.
Семинарға Шығыс Қазақстан облысының 28 ауыл әкімі қатысып, ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдірді. Олар заманауи басқару құралдарын іс жүзінде қолдану арқылы жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, семинар Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің және Oskemen Hub-тың қолдауымен ұйымдастырылды.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




