F16.KZ
Жарияланды: 11:00, 01 июнь 2025
Өскемен / Басты

Болашақтың шамшырақтары: ШҚО әкімі дарынды балалармен кездесті

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменнің Республика алаңында тігілген киіз үйде өңірдің дарынды балаларымен кездесті, деп хабалайды F16.kz.

Дәстүрге сай жыл сайын 1 маусым - Балаларды қорғау күні өткізілетін кездесуге  халықаралық білім олимпиадаларының, шығармашылық сайыстардың және спорт бәсекелерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан талантты оқушыларды облыс әкімі марапаттады.

Айта кету керек, кейінгі бір жылда өңірдің оқушылар командасы жиыны 185 медаль жеңіп алды, оның ішінде 22 алтын, 67 күміс, 96 қола медаль бар.

Жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың қорытындысына сәйкес облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша республикалық үштікке енді. Ал ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижесінде ШҚО командасы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден үздік деп танылып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Демек біз бір-бірімізбен кімде қандай телефон, кімде қандай сөмке, кімде қандай киім емес, кімнің ақыл-ойы терең, білімі кемел, мінезі көркем деп жарысуымыз керек. Бұл даналық сөздің мәні өте зор. Өйткені егемен еліміздің болашағы - сіздер, cаналы да салауатты ұрпақ. Өңіріміздің озық ойлы жастары ғылым-білімде, ақпараттық технилогияда, шығармашылық пен спортта көптеген жетістікке қол жеткізіп жүр. Бүгін сол жетістіктердің бір парасымен ғана таныстық. Ерекше атап өтетінім, облыстың дарынды оқушылар командасы республикада “Ең үздік олимпиадалық команда” атанып, екінші жыл қатарынан топ жарды. Жеңімпаз болу оңай, ал оны сақтап қалу қиын. Сондықтан алдағы бәсекелерде бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің бетке ұстар командасы бола бересіздер деп ойлаймын. Оған мемлекетіміз барлық жағдай жасап отыр, деді Нұрымбет Сақтағанов.  

Аймақ басшысы облыста дарынды жастарды қолдау мен дамыту мақсатында көп жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Жаңадан балабақшалар мен жайлы мектептердің салынуы, қосымша білім беру ұйымдары желісінің кеңейтілуі, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған спорттық секциялар мен үйірмелердің ашылуы соған дәлел.

Сондай-ақ өңірдің білім беру мекемелері жаңа үлгідегі кабинеттермен және зертханалармен жарақталып, әрбір оқушының әлеуетін ашуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Республикалық олимпиададан қатарынан екі жыл жүлдегер атануым мен үшін зор мақтаныш. Биылғы олимпиадада қазақ тілінің абыройын асырып, мәртебесін көтеру мақсатында осы білім додасына халықаралық мәртебе беру мәселесі көтерілді. Бұл біздің ұстаздар мен оқушылар үшін зор мақтаныш. Мен болашақта Қан апамыз – Қанипа Бітібаеваның салып кеткен дара жолын жалғастырып, шәкірттердің жүрегіне шырақ жаға білетін, армандарына жол көрсететін ұлағатты ұстаз болғын келеді. – деді Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Айназ Мырзабек.

Кездесу соңында шараға қатысқан барлық оқушыға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Мерекелік бағдарлама аясында Республика алаңында халықаралық және республикалық көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қатар, көркемсурет бөлімінің бітіруші оқушыларының сурет көрмесі және №1 балалар музыка мектебі мен «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің бітіруші оқушыларының камералық музыка концерті өтті.

Фонтан жанындағы музыкалық алаңда мереке концертпен және аниматорлармен бірге қозғалмалы ойындармен жалғасты.

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)