"Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ": Шығыста арғымақтар көрмесі өтті

Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында ат құлағында ойнаған қыз-жігіттер көрерменге естен кетпес ерекше шоу сыйлады. Адырнаны аңыратып садақ тартты, ат үстінен теңге ілді. Тастақым сайыпқырандар қазақтың ұлттық ойыны – аударыспаққа шығып, жекпе-жектің көрігін қыздырды. Мерекенің шарықтау шегі “Шығыс арғымағы” жылқы көрмесі болды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Глубокое ауданының Винно ауылындағы “Титан” ат спорты кешенінде өткен сәйгүліктер көрмесіне облыстың түкпір-түкпірінен ұзын саны 14 арғымақ қатысты. Көркіне көз тойған қылқұйрықтардың өнеріне баға бермес бұрын жиылған көпшілік ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімді тамашалады.
АТ ҮСТІНДЕГІ АРУ
Ат үстінде садақ тарту — бұл тек спорт түрі емес, қазақ халқының ежелгі әскери-жауынгерлік өнерінің көрінісі. Бұл дәстүрлі шабандоздық пен мергендікті ұштастыратын, шеберлік пен ептілікті талап ететін ерекше спорт. Бүгінде бұл өнер қайта жаңғырып, ұлттық спорт ретінде кең танымал болған…
Бұрымы жотасында ойнақтаған арудың ат үстіндегі көркі қандай қандай десеңізші! Сүйрік саусақтарымен адырнаны толғай тартып, нысанаға дөп тигізген мергенді тіпті керемет! “Титанның” жабық манежіне жиылған жұрт баба дәстүрін жаңғыртқан садақшы қыздың өнеріне қол соғып, ұзақ қошемет көрсетті.
Айтакетейік, бүгінде атүстінде садақ тарту Қазақстанда ұлттық спорт түрі ретінде жақсы дамып келеді. Арнайы жарыстар ұйымдастырылып, бұл өнерге жастардың қызығушылығы зор.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Бұдан кейін ортаға тақымы тастай, сом білек жігіттер аударыспаққа шықты. Бірін-бірі аттан аударып тастауға әрекеттенген екеудің жекпе-жегі елдің делебесін қоздырды. Қиқуға басқан көрермен қос батырға қолдау көрсетті.
Аударыспақ та – көшпенді елдің көнеден келе жатқан ойыны. Ат үстінен садақ ату сияқты ол да қазақтардың жауынгерлік дәстүрінен бастау алған спорт түрі. Аударыспақ қарсыласты аттан аударып түсіретіндей күш-жігерді, тақымның мықтылығын, сол сияқты тепе-теңдік сақтап, түрлі әдіс-тәсілді қолдану шеберлігін қажет етеді. Ертеде ел қорғаған батырлар оны жаттығу алаңында көп ойнаған.
ТЕҢГЕ ІЛУ
Ептілік пен шапшаңдықты, атқа міну шеберлігін сынайтын ерекше сайыс түрі – теңге ілу. Атпен шауып келіп жердегі түйілген шүберекті іліп алу – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Бұл да ежелден жүлгесі үзілмей келе жатқан қазақ халқының күнделікті өміріндегі көшпелі тұрмыс пен әскери машықтың үйлесімінен туған ойын. Теңге ілу жастардың ептілігін, батылдығын, ат үстіндегі икемін шыңдау үшін өткізілген. Оны той-томалақта, ас-мерекелерде көп ойналған. “Титанның” жабық үлгідегі манежі сәл ыңғайсыздау болса да теңге алуға шыққан сайыскерлер барынша тартымды өнер көрсетуге тырысты.
Негізі бұл ойынды жазық далада өткізеді. Ертеден қалыптасқан ереже бойынша жүйткіп келе жатқан жүйріктің үстіндегі шабандоз аттың екпінін бір мысқал да бәсеңдетпей жердегі шүберекке түйілген теңгелерді бірінен кейін бірін ілуі керек. Дегенмен көрініс сәтті өтті.
СҰҚТАНДЫРҒАН СҰЛУЛЫҚ
Бұл күнгі мерекенің басты оқиғасы ат спорты, жылқы шаруашылығы һәм ұлттық мәдениетті бір арнаға тоғыстырған «Шығыс арғымағы» көрмесі болды. Жалпы, жылқы көрмесі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені бұл – Қамбар ата түлігінің сайдың тасындай іріктелген үздік тұқымдарын көрсетуге, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға мүмкіндік беретін алаң.
Винное ауылындағы «Титан» ат спорты кешенінде өткен көрмеге облыстың әр өңірінен әкелінген 14 қылқұйрық қатысты. Олардың өнерін, сұлулығын қазылар алқасы бағалады. Сондай-ақ көрермендерге таңдау жасау мүмкіндігі берілді. Көпшілік қауым дауыс беру арқылы «Көрермен көзайымы» аталымының иегерін анықтады.
Арғымақтар байқауына қазақтың жабы тұқымынан бастап түркіменнің ақалтекесі, ағылшынның таза қанды жылқысы, орыстың Орлов желісті сәйгүлігі және басқа да Қамбар ата түліктері қатысты. Көрменің бас жүлдесін UK Equestrian School шабандоздар мектебінің иесі өскемендік Александра Попованың қылқұйрығы жеңіп алды.
ЖҮЛДЕДЕН ЖҮЛДЕ ҚОЙМАЙ ЖҮР
Шығыс Қазақстан облысында аймақта ат спортымен қатар иппотерапияға жіті көңіл бөлінген. «Титан» клубының мамандары адаптивті ат спорты және иппотерапия бойынша кеңес беріп, атпен емдеу және оның денсаулыққа пайдасы туралы кеңінен баяндады. Шеберлік сабақтарын өткізді.
«Шығыс арғымағы» көрмесін тамашалауға келген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде ат спорты қарқынды дамып келе жатқанын, оның ішінде әсіресе ерекше жандардың жетістігі толағай екенін атап өтті.
Винное ауылындағы ат порты клубының иппотерапия арқылы оңалту әдісі оң нәтиже беріп, тәжірибе облыстың басқа аудандарына да тарала бастады. Биыл жобаны Риддер қаласында және Ұлан ауданында жүзеге асыру көзделіп отыр.
АТПЕН ЕМДЕУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Айта кетейік, аталған кешенде 2009 жылдан бері балалар денсаулығын қалпына келтірудің жаңа бағыты сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл жер ппотерапия әдісін қолдану арқылы сауықтыру сабақтарын өткізетін нағыз әдістемелік орталыққа айналды. Қазір мұнда 130-дан астам бала иппотерапия қызметін алады. Былтыр кешен аумағында қысқы манеж ашылған. Соның арқасында иппотерапия орталығы емделушілерге қысы-жазы қызмет көрсете бастады. Бұл – тек сан емес, қоғамдағы инклюзивтілік пен қамқорлықтың шынайы көрінісі десе болады.
Мамандардың айтуынша, атқа міну арқылы жүргізілетін емдік шара – иппотерепия ми жұмысын жақсартып, бұлшық еттерді нығайтады, тепе-теңдік пен үйлестіру қабілетін дамытады. Сондай-ақ психологиялық тұрғыдан сенімділік пен әлеуметтік бейімделуге ықпал етеді.
Жалпы, еліміздегі иппотерпаия курстары ең алғаш осы ат спорты кешенінде бастау алған. Бастапқы кезде мұнда 40 шақты балаға иппотерапиялық ем жасалды. Кейін жабық манеж салынып, клубтың жұмысы жанданғанда емделушілер қатары да көбейді. Орталықтың иппотерапевт-нұсқаушылары әр баланы атқа мінгізіп, жылқымен емдеу тәсілдерін қолданады. Балаларды қаладан күнделікті автобуспен тасымалдайды. Ем алушылардың тізімін облыс орталығының медицина мекемелері бекітеді.
Бүгінде иппотерапия орталығында 23 адам істейді. Олардың ішінде психолог, медициналық-әлеуметтік қызметкер, әдіскер, нұсқаушы және жылқышылар бар. Орталық қызметкерлері шетелдік мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатқан, өзара тәжірибе алмасып тұрады. Арнайы семинарлар өткізіледі. Шығыстан бастау алған игі бастама бұл күнде Қарағанды, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында сәтті жалғасын тапқан.
Винное ауылындағы заманауи кешенде иппотерапиядан бөлек кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған жаттығулар, ерекше қажеттілігі бар адамдарды түрлі жарысқа баптау, оның ішінде Паралимпиадаға даярлық, балалар мен жасөспірімдерге арналған білім беру, тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
МЕРЕЙТОЙЛЫҚ КИІЗ ҮЙЛЕР
«Шығыс арғымағы» көрмесіне келген жұртты Глубокое және Шемонаиха аудандарының өнерпаздары әнмен тербеп, күймен көмкерді. Күн райының салқындығына қарамастан адамдар көңілді жүрді, сахнадағы әншілермен қосыла ән шырқап, ортаға шығып би биледі.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап тігілген киіз үйлер тақырыпқа сай безендірілген.
Қолөнер көрмесінде жергілікті шеберлердің жасаған туындылары тұнып тұр. Ұлттық нақыштағы әшекейлер, тақия, шапан, тіпті қазақы мәнерде жасалған заманауи сөмкелер де бар. Музыкалық аспаптың алуан түрі, суретшінің қылқаламынан туған картиналар, зергерлік бұйымдар бәрі де көрмеге жиылған көпшіліктің назарына ұсынылды.
Фото: F16.kz; ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




