«Еуразия кеңістігіндегі Алтай: тарихи дәстүрлері және жаһандық келешегі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті

2025 жылғы 8 сәуірде Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығының (Шығыс бөлімшесі), ҚР Президенті жаңындағы ҚСЗИ және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Еуразия кеңістігіндегі Алтай: тарихи дәстүрлері және жаһандық келешегі» атты халықаралық онлайн-дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы мәдени, ғылыми және достық қарым-қатынастарды нығайту, түркі халықтарының қазіргі әлемдегі рөлін талқылау, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен толеранттылықты дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар, Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі деген ұстаным аясында ортақ тарихи-мәдени мұраны насихаттау.
Модераторы: Мерей Қайнарұлы - Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ШҚО бөлімшесінің төрағасы.
Дөңгелек үстел аясында Қазақстан, Ресей Моңғолия және Қытай елдерінен қатысқан тарихшылар, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері маңызды баяндамалар жасап, түркі дүниесінің тарихи-мәдени мұрасына, әлеуметтік дамуына және қазіргі жаһандық контексттегі орнына қатысты өз көзқарастарын білдірді.
Пікір алмасу бөлімінде ШҚТУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының, сондай-ақ Тілдер құзіреттілік орталығының оқытушылары және ШҚТУ студенттері белсене қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар бірқатар маңызды ұсыныстар жасалды, соның ішінде Алтайдың тарихы, мәдениеті және әлеуметтік-демографиялық процестерін зерттеу мақсатында халықаралық зерттеу тобы құру; Қазақстанның Алтай өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді жүйелендіріп, цифрландыру жұмыстарын жүргізу; түркі халықтарының мемлекеттік тарихымен байланысты Өскемен қаласында ескерткіштерді ашу; Ресей, Монголия және Қытай шекаралас аудандарында қазақ тілін оқыту курстарын және түркітілдес халықтардың мәдениетін насихаттау мақсатында мәдени іс-шараларды ұйымдастыру.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті шетелдегі қандастарды техникалық, тау-кен ісі, ақпараттық жүйелер және экономика бағыттары бойынша білім алуға шақырды. Университет шетелдік талапкерлерге сапалы білім, заманауи инфрақұрылым, білікті оқытушылар және бейімделуге арналған қолайлы жағдайларды ұсына отырып, тарихи отанында кәсіби болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретінің ақпаратпен бөлісті.
Іс-шара барысында айтылған ғылыми пікірлер мен ұсыныстар болашақта жаңа жобалар мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға негіз болады деп күтілуде.
Калиева К.С.,
әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы




