Өзеннен су ішкен халық, интернеті жоқ ауылдар. Катонқарағай ауданының тыныс-тіршілігі
Құрылғанына бір жыл болған Катонқарағай ауданында күрмеуі шешілмеген проблема жетерлік. Ауыл жұртын ауызсу тапшылығы, интернеттің жоғы, мал ұрлығының өршуі, туризмге тұғыр болар жобалардың қолдау-көмексіз қалуы сияқты мәселелер алаңдатады. Шекарадағы ауданға барған F16.kz тілшілері тұрғындардың көкейіндегі осы және басқа түйткілдерге назар аударды.
Шекара шебіндегі Катонқарағай ауданында 10 мыңнан астам адам тұрады. Аудан халқының негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы және туризм.
Аудан орталығындағы жөндеуден өткен полиция ғимараты. Құрылғанына бір жыл болған Катонқарағай ауданында мемлекеттік органдардың, бюджеттік мекемелердің және басқа да ұйымдардың ғимараты жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр.
Катонқарағай ауданындағы жалғыз қасапхана осы. Мұның өзі біз барғанда жұмыс істемей, есігінде үлкен қара құлып тұрды.
Катонқарағайлық кәсіпкер Зарина Мастикбаева шекара шебіндегі қаңырап бос жатқан елді мекендерді қайта жандандыруды армандайды. Ол бұл идеясын іске асыру үшін аудан әкімдігінен жер телімін ала алмай жүр.
Бұл – ауызсу мен интернеті жоқ Топқайың ауылы. Елді мекенде жүзден астам түтін бар.
Топқайыңда ұялы байланыс мұнарасы орнатылған. Бірақ ауылда интернет жоқ, ұялы байланыс нашар.
Топқайыңды «асырап тұрған» жалғыз құдық. Ауыл халқының тең жартысы осы құдықтан су ішеді.
Топқайың ауылының тұрғыны, зейнеткер Гүлнар Әнуарбекқызы ауызсуды өзеннен тасиды.
Ауыл халқының жартысы осы өзеннен су ішіп отыр.
Өрнек ауылының тұрғыны Марат Елшібеков Белқарағай округінің халқы бір қасапханаға зар болып отырғанын айтады. Ветеринарлық талаптарға сәйкес қасапханада сойылмаған малдың етін сатуға немесе басқаға беруге болмайды. «Қаладағы бала-шағаға ет жіберуден қалдық» дейді Елшібеков.
Сағат тілі 16:10-ды көрсетіп тұр. Ауылда қас қарайып, көше шамдары жанды. Катонқарағайдың тұрғындары бірыңғай уақыт белдеуіне көшу тиімсіз екенін айтады.
Катонқарағайдың негізгі туристік ауылы – Берел. Мұнда әлемнің әр түкпірінен саяхатшылар көп келеді. Бір кемшілігі, ауылда интернет жоқ.
Берел ауылында тұратын кәсіпкер Бақытгүл Алқанова жыл он екі ай туристерді қабылдайтын шағын қонақ үйлер салғысы келеді. Сол үшін «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие алмақ болып біраз жүгірген. Бірақ қолдау қаржыға қолы жетпеген.
Шырқы бұзылған Шыңғыстай осы. Белгілі жазушы Оралхан Бөкей туған бұл ауылда мал ұрлығынан жапа шекпеген үй қалмаған.
Шыңғыстайлық Ермек Сатышев «Ұрылар жетімі бар, жесірі бар ешкімге қарамай адал малымызды әкетіп жатыр. Полициядан қайыр жоқ. Енді тек өзіміз тиеп беру ғана қалды» деп күйінеді.
Мал ұрлығынан зәтте болған Шыңғыстай ауылының халқы F16.kz журналистерін шақырып, мұң-мұқтажын айтты.
Бұған дейін сайтымызда Катонқарағай ауданының туризм саласындағы мәселелері мен мал бағудың машақаты туралы мақалалар, сондай-ақ мал ұрлығы туралы бейнесюжет жарияланған болатын.
Фото: F16.kz