Жарияланды: 09:13, 23 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Риддер / Фоторепортаж

Көріксіз көшелер мен көне ескерткіштер. Риддерде уақыт тоқтап қалғандай

Шығыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас Риддер қаласында көшесі тас түнек қараңғы, ауызсуы жоқ, жолы батпақ шағын аудандар мен төбесінен су сорғалап, қабырғасы көргерген пәтерлер, іргетасы шөккен ескі үйлер баршылық. Бір өкініштісі, осының бәрінде адамдар тұрып жатыр.

Шекаралық аймақтың проблемасын көтеретін F16.kz тілшілері кеншілер шаһарында болып, жергілікті жұртты мазалаған түйткілді мәселелерді таспаға түсірді.

 

Бұл – Ресеймен шекаралас Риддер қаласының кіреберіс қақпасы. Қақпадан кірген адам өткен ғасырға саяхат шегеді. Риддерде уақыт тоқтап қалғандай. Қалада өткен ғасырдың ортасында ірге көтерген үйлер мен ғимараттар көп. Солардың бірі қызыл қарағайдан қиып салған қос қабатты тұрғын үйлер. 

Бұл үйлердің бірінде 1939 жылы Риддер руднигі мен Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев тұрған. Іргетасы шөгіп, қабырғасы қаусаған ескі үйде қазір екі отбасы тұрып жатыр.

Мұхамедмәди Нүрпейісов, Риддер қаласының тұрғыны: 

– Қыста 7-8 тонна көмір жағамыз. Ескі үй жылу ұстамайды, тез суып кетеді. Бір қабырғасы құлағалы тұр. Әкімдікке барсақ, тұрғын үй мекемесіне жібереді, ал олар «тәуелсіз сарапшы шақырып үй апатты жағдайда ма, жоқ па тексерту керек» деді. Сарапшы шақырғанда артық ақша да жоқ.

Қаланың қақ төрінде қасқайып тұрған ресейлік революционер С.Кировтің ескерткіші өткен-кеткенге совет дәуірін еске салатындай.

«Батыр қалаға» берілген марапат – Отан соғысы ордені. Бұл ескерткішті Риддердің аға буын тұрғындары ерекше құрметтейді.


Бәйтеректің шағын көшірмесі сұрқай қалаға тәуелсіздіктің рухын сездіріп, түнекке сәуле шашып тұр.


Риддердегі санаулы жаңа үйдің бірі. Мұнда мемлекеттік бағдарламамен еліміздің оңтүстік өңірінен көшіп келген отбасылар тұрады. 2015 жылы қолданысқа берілген үйдің төбесінен су ағып, пәтерлері көгеріп, инженерлік желісі шіріп жатыр.

Көпқабатты үйдің подъезі де дым тартып тұр. Сылағы түсіп, бұрыштары көгерген.

Көпбалалы ана Қарлығаш Тасбауова (Шымкенттен көшіп келген) көгерген пәтеріне ай сайын жөндеу жүргізеді. 

«Балалардың денсаулығы үшін жиі-жиі әктейміз. Бірақ айға жетпей қайтадан көгереді. Үй жаңа болғанмен, сапасыз салынған», – деді ол. 

Ерекше бала бағып отырған Шынар Ғабиденқызы (Алматы облысынан көшіп келген) бір бөлмелі пәтерінің терезесіне целлофан перде тұтып қойған. Оның бір пайдасы жылуды сыртқа шығармайды, суықты ішке кіргізбейді. Сондай-ақ үй иелері арғы жағына азық-түлік қойып, оны тоңазытқыш ретінде де қолданады. 


Абай көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік желісі де тозып тұр. Сыммен орап, ілдебайлап ұстатып қойған. 

«Жылу құбыры жиырма қамытпен бекітілген. Кез келген сәтте жарылып, адамдар жылусыз қалуы мүмкін», – деді тұрғын үй басшысы, Алматы облысынан көшіп келген Қайрат Құрбаниязов.

Риддер қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұл үйге жөндеу жұмысы 2026 жылы жүргізілмек.


Қанас Мүттәлі бес жыл бұрын әйелінен айырылып, бес баламен жалғыз қалған. Екінші топтағы мүгедектігі бар азаматты ешбір жер жұмысқа алмайды. Зейнетақы мен балалардың жәрдемақысын бір-біріне жалғап әрең күн көріп отырған отбасы мемлекеттің қолдауына мұқтаж. 

Қытайдан көшіп келген Бағдаш Мұхтарұлына Риддер қаласының әкімдігі мына үйден үш бөлмелі пәтер берген. 

«Қыс бойы 10 тонна көмір, бір «Камаз» ағаш жағамыз. Үй сонда да суық. Балалар киімшең ұйықтайды», – деді көпбалалы әке.

Терезесіне мұз қатып, төбесінен су аққан пәтердің қабырғалары дымданып, бұрыштары көгерген. Қолқаны қапқан көк иіс бүкіл үйді алып тұр.

 Жергілікті тұрғындар «ДОСААФ» атап кеткен бұл шағын ауданға орталықтандырылған жылу және ауызсу желісі тартылмаған. Көшелеріне жарық шамдар орнатылмаған. Ал асфальт көрмеген жолдары сусоқта мидай езіліп, адамдар батпақ кешіп жүреді.

Сергей Пугаев, «ДОСААФ» шағын ауданының тұрғыны:

– Тундрада өмір сүріп жатқандаймыз. Қыстыгүні боран соқса айнала ақ түтек болады. Ал жазда мына көшемен жүру қиямет-қайым. Асфальт төсейміз деп жылда уәде береді, бос сөз. Әкімдіктен бір адам келіп, жағдайымызды білген емес.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан бұл шағын ауданда екі көшенің жолына асфальт төселгенін, алдағы уақытта жарықтандыру, асфальттау жұмыстары жалғасатынын айтты.


 Шағын аудан тұрғыны, зейнеткер Евгения Пугаева ауызсуды үй іргесіндегі құдықтан алады. 

«Қыстыгүні қауіпті, аяғың тайып, құдыққа құлап кетуің мүмкін», – деді ол.

Риддер қаласының әкімдігі бұл шағын ауданның ауызсу желісі жергілікті жекеменшік компанияға тиесілі екенін хабарлады.

Көпбалалы аналары көгерген үйде тұрып жатқан, ескілікті еске салатын ескерткіштері мен көненің көзіндей болған көшелері көп Риддер қаласының қазіргі тыныс-тіршілігі осындай. 


Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
Іргесі көгеріп, сыз тартқан үйлер, баспана зарын тартқан отбасылар. Риддер қаласы тұрғындарының шағымы
22.02.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Риддер / Шекаралық аудан / Журналист жол үстінде
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...
«Қараңғы қала қауіпті». Өскеменде жарықтандыру жүйесі қашан жаңғыртылады?
04.11.24, Өскемен / Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең...
Шығыстың шекаралық аудандарында қандай мәселелер туризмге тұсау болып отыр?
29.01.25, Басты / АЙДАРЛАР / Киелі Алтай / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Марқакөл / Журналист жол үстінде