Балалар үйінің тәрбиеленушілері жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр – ШҚО

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге қолдау көрсету мақсатында бір ай бұрын Samruk Umiti атты қайырымдылық жобасы іске қосылған. Бұл бастама жастарға өмірден өз жолын табуға, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға көмектеседі, деп хабарлайды F16.kz.
ЕКІ ОБЛЫС ТАҢДАЛДЫ
Жобаға Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан 100 жасөспірім қатысып жатыр. Бұл өңірлерде балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне кәсіби бағдар беру мәселесі аса өзекті.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өскемендегі «Үміт» орталығы мен отбасылық үлгідегі балалар ауылынан 50-ге тарта бала қамтылып отыр.
Әрбір қатысушыға жеке куратор бекітілген. Олар баланың қабілетін анықтап, қызығушылығына сай мамандық таңдауына бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Бағдарламада электромонтер, слесарь, байланыс операторы, электровоз машинисі сынды еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтармен танысу мүмкіндігі қарастырылған. Жасөспірімдер колледждер мен кәсіпорындарды аралап, таңдаған кәсібінің нақты өмірде қалай болатынын көре алады.
ОТБАСЫЛЫҚ БЮДЖЕТТІ ҚАЛАЙ ҚҰРУ КЕРЕК?
Бұған қоса қатысушылар үшін қаржылық сауаттылық, жеке ресурстарды тиімді басқару және өзіндік сенімділікті арттыруға бағытталған курстар ұйымдастырылған. Бұл - олардың дербес әрі жауапты өмірге дайындығын нығайтудың маңызды бөлігі. Мысалы, қаржылық сауаттылық сабағында жастар апталық бюджетке сай келетіндей тапсырмаларды, нақты айтқанда супермаркетте азық-түлікті сатып алуды жоспарлау арқылы орындайды.
Бағдарлама соңында қатысушыларға «Самрук-Қазына» қорының қарамағындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға көмектеседі. Аталған жобаны компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қоры тарапынан жүзеге асырып жатыр.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




