Балаларды дамыту енді ваучер арқылы жүзеге асады

Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің қанатқақты жобасы іске қосылады, деп хабарлайды F16.kz.
ЖАЛҒАН КӨРСЕТКІШ, ЖЕРТӨЛЕДЕГІ САБАҚ
Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді. Алайда жүргізілген тексерулер барысында бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталды. Атап айтсақ, балаларды жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштерін жасанды түрде көбейтіп көрсеткен, 164 секцияда сабақ санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерде, жертөледе және тұрғын үй-жайда өткізілген, алты өңірде бұрын істі болған азаматтардың балаларды оқытқаны туралы 20 жағдай тіркелген, сондай-ақ жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам бала анықталған. Бұл фактілер алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын жымқыру ықтималдығын көрсетеді.
ЖАҢА ЖҮЙЕ НЕСІМЕН ТИІМДІ?
Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасау мақсатында биылғы 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылады. Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады. Бұл жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.
Жаңа жүйенің басты қағидаты – ваучер білім беру ұйымына емес, тікелей балаға беріледі. Бұл баланың спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуына мүмкіндік береді және бұрынғыдай қайта кезекке тұру немесе қаржыландырудан айырылып қалу жағдайларына жол бермейді. Платформаны әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшелігі мен шығармашылық, спорт және білім беру қызметтеріндегі айырмашылықтар ескеріледі.
ҚАРАЖАТ ҚАЛАЙ БӨЛІНЕДІ?
Бірыңғай ваучердің екі түрі қарастырылған. Біріншісі – мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейтін нысаналы ваучер. Екіншісі – баланың ата-анасы egov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алу мүмкіндігі бар әмбебап ваучер.
Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қалыптасады және бұл ресурстарды әділетті бөлуге мүмкіндік береді. Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секцияларда балалардың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қауіпсіз инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, бекітілген білім беру бағдарламалары мен білікті мамандар болуы қажет. Бюджеттік қаражат тек мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді.
ЖОБАНЫ КІМДЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ?
Жобаны келесі мемлекеттік органдар бірлесіп жүзеге асырады: Мәдениет және ақпарат министрлігі – шығармашылық бағыт бойынша; Туризм және спорт министрлігі – спорттық секцияларды үйлестіру; Оқу-ағарту министрлігі – қосымша білім беру бойынша; Цифрлық даму министрлігі – техникалық сүйемелдеу және цифрлық инфрақұрылым.
Мемлекеттік органдар бюджеттік қаражатты мақсатты және тиімді пайдаланудың тетіктерін енгізу бойынша жүйелі саясатты жалғастырады. Қанатқақты жоба тек балалар мүддесін, олардың қауіпсіздігін және көрсетілетін қызметтердің сапалы түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі