Қазақстандағы ТЖ жүйесінің цифрлық трансформациясы

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде дағдарыстық жағдайларда басқарудың тиімділігін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында ауқымды ұйымдастырушылық қайта құру, техникалық жаңғырту және цифрлық сервистерді енгізу жүзеге асырылуда.
Министрліктің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында жаңғыртылған ахуалдық зал іске қосылды. Бұл залда ықтимал техногендік және табиғи апаттарға ден қоюды болжау, модельдеу және салдарын бағалау құралдары біріктірілген цифрлық сервистер шоғырландырылған.
Төтенше жағдайларды болжау және модельдеу үшін «ТЖ ГАЖ» цифрлық сервисі пайдалануға берілді. Ол «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Геопорталымен бірлесіп, су тасқыны жағдайларын модельдеу, су басу қаупін азайту, тұрғындарды құтқару және эвакуациялау бойынша жедел әрекет ету үшін қолданылады. Сонымен қатар, бұл жүйеде орман және дала өрттерін болжауға арналған «Пирология» кіші жүйелері жұмыс істейді. Олар өрттің таралу аймағын жоғары, төменгі, шымтезек, қылқан жапырақты және жапырақты параметрлер бойынша есептеуге мүмкіндік береді.
Кадрлық басқаруды автоматтандыру мақсатында ТЖМ және оның аумақтық бөлімшелерінде 1С платформасында әзірленген «Кадрлар» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе кадрлық есепті жүргізуді жеңілдетіп, негізгі көрсеткіштерді бақылауға, басқару шешімдерін жедел қабылдауға, бөлімшелердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ашықтық пен жеделдікті арттыра отырып, кадр мәселелерін тиімді шешуге жағдай жасайды.
Жасанды интеллект негізіндегі «112» бірыңғай Call-орталығын құру бойынша бастама іске асырылуда. Жоба шеңберінде абонент пен зияткерлік көмекшінің орналасқан жерін анықтау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жоба облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана қаласының ТЖ департаменттерінің жедел басқару орталықтарында кезең-кезеңімен енгізіледі. Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Жоба мақсаты — азаматтардан келіп түскен хабарламаларға әрекет ету жылдамдығын арттыру және азаматтық қорғау органдарына деген сенімді нығайту.
Халықты жедел құлақтандыру жүйесін дамыту мақсатында республикалық және өңірлік деңгейдегі басқару пультінің толыққанды бағдарламалық шешімі әзірленді. Сирена-сөйлеу құрылғысының техникалық схемасы дайындалды. Бұл жүйе төтенше жағдайларда халықты құлақтандыру тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар, азаматтарды төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін «112KZ» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша табиғи апаттар, техногендік авариялар және әлеуметтік сипаттағы қауіптер туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беруге мүмкіндік береді.
ТЖМ «Цифрлық бастамалар» аясында 2GIS және Яндекс карталарында эвакуациялық, жинау және жылыту пункттерін орналастырды. Бұл азаматтарға төтенше жағдай кезінде қажетті пункттерге жылдам жету үшін навигациялық маршруттар құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Cell Broadcast технологиясы негізінде ұялы байланыс абоненттеріне жедел хабарламаларды жеткізу жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бұл технология тіпті желі шамадан тыс жүктелген жағдайда да көптеген пайдаланушыларға хабарламаларды сенімді жеткізуге мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу шеңберінде орман алқаптарының жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылау үшін жасанды интеллектке негізделген бейнемониторинг жүйелері енгізілді. Бұл жүйелер өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтап, жедел түрде сигнал береді.
Сонымен қатар, жоғалған адамдарды іздеу үшін жасанды интеллектпен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) белсенді қолданылады. Олар ашық аумақтардың фотосуреттерін түсіріп, жасанды интеллект арқылы өңдейді. Мысалы, биылғы тамыз айында жүргізілген бірлескен операция барысында қиын жететін жерлерге түсірілім жүргізіліп, жасанды интеллект көмегімен жоғалған азаматтар сәтті табылды. Бұл технология өз тиімділігін дәлелдеді және болашақта тұрақты негізде қолданылатын болады.
ТЖМ қауіпсіздік пен жедел әрекет етуді арттыру мақсатында цифрлық технологияларды дамыту мен енгізу жұмыстарын жалғастыра бермек.
Фото: ҚР ТЖМ