Әскери есепте тұрғандарды шақыртты: Күршімде оқу-жаттығу басталды

Күршім ауданының 99230 әскери бөлімінде жоспар бойынша тактикалық арнайы оқу-жаттығу басталды. Жиынға Самар, Күршім және Марқакөл аудандарынан әскери есептегі 70-тен астам адам шақырылған, деп хабарлайды F16.kz.
Арнайы оқу-жаттығудың басты мақсаты - төтенше немесе соғыс жағдайында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жеке құрамды даярлау.
Жаттығу үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әскерилер жеке құрамды қабылдап, әскери-есептік мамандық бойынша дағдыларды қалпына келтіріп, қару-жарақ пен арнайы техниканы дайындайды. Екінші кезеңде бөлімше, взвод және рота құрамында атыс пен тактикалық сабақтар өтеді. Соңғы кезеңде батальондар мен штабтардың үйлесімділігін қамтамасыз етіп және байланыс құралдарын пайдаланып, командалық-штабтық жаттығулар өткізеді.
Мұндай оқу-жаттығу - Қазақстанның қорғаныс стратегиясының маңызды бөлігі. Жеке құрамды қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын жою, стратегиялық нысандарды қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты міндеттерді орындауға жедел түрде дайындауға әсер етеді.
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі