Шығыста құсбегілер фестивалі өз мәресіне жетті
Бозанбай ауылында өтіп жатқан «Шығыс салбурыны» фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Дүбірлі доданың қортындысы бойынша, бүркіт салудан бірінші орынды Жетісу облысынан келген құсбегі Сәлімхан Ерғазыұлы иеленді. Ал екінші орынды астаналық Күнтуған Серікбек алды. Үшінші орынды ақмолалық Ерлан Кенжетаев пен Алматы облысының құсбегісі Олжас Бердімұрат өзара бөліске салды.
Қаршыға сайысында бірінші орынды Астанадан келген Ерасыл Серікбекұлы иеленсе, екінші орын алматылық Ермұхан Бәйетбайға бұйырды. Үшінші орынға Жамбыл облысының құсбегілері Жамбырбек Бердияр мен Бабажан Берікболсын жайғасты.
Сұңқар мен ителгі салу сайысында қарағандылық құсбегілер озық шықты. Қарағанды облысынан келген Таңат Оспанқұлов екі орынды бірдей иеленіп отыр: бірінші және екінші. Үшінші орынды тағы бір қарағандылық құсбегі Темірәлі Төлегенұлы мен Павлодар облысынан келген Иманзайып Ермек алды.