Үш жыл бұрын Шығыстың бас шаhарында «Самға» деп аталатын даму орталығы құрылған.
Өңірдегі алғашқы актерлік шеберлік үйірмесінде қазір 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер білім алып, өнерлерін шыңдайды, деп хабарлайды F16.kz сайты. Жақын күндері аталмыш орталықтың қатысушылары Астана қаласында өткен «Nurly fest» көпжанрлы байқауына қатысып, бақтарын сынап қайтқан.
- «Самға» орталығы үш жыл бұрын «ArtSport» бағдарламасы негізінде құрылған. Қазіргі таңда балалар актерлік шеберлік және сахна тілі бойынша өз ісінің шеберлері, ШҚО драма және оперетта театрының актерлары мен режиссерларынан сабақ алады. Бұл жердегі негізгі мақсат - балалардың эмоциясымен дұрыс жұмыс істеу. Бұл тәжірибе балалардың ашылып, мінез қалыптастыруына көмектеседі. Бүгінде қол жеткізген нәтижелеріміз де жоқ емес. Қатысушылар арасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсуге ниетті түлектер, режиссураға түскен түлектер бар. Түрлі республикалық байқауларда топ жарған оқушыларымыз да жетерлік. Алайда театрландырылған қойылымдарымызды мұндай үлкен сахнаха алғаш рет шығарып отырмыз. «Nurly fest» байқауына екі қойылым дайындадық. Кіші топ «Қасқыр шөп жей ме?» ертегісін сахналаса, үлкен топ «Көксерек» шығармасының желісінде қойылған спектальді дайындап әкелдік. Осы байқау арқылы халықаралық сахналарға шығуға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ көпжанрлы фестиваль болғандықтан өзге өңірден келген қатысушылармен тәжірибе алмасамыз, - деді «Самға» даму орталығының жетекшісі Әлия Көңілханқызы.
«Самға» орталығының актерлік шеберлік тәлімгері Сырым Маратбектің айтуынша, балалар үлкен фестивальға бірінші рет қатысқанына қарамастан жақсы өнер көрсетіп шыққан. Ал мұндай байқауға қатысу арқылы балалардың өз-өзіне сенімдерін арттыра алады.
- «Көксерек» шығармасы қазақ әдебиетінің балаларға арналған классикасы деп айтуға болады. Біз классиканы біз тәжірибе ретінде қойып көрдік. Бұл қойылымның киімдеріне дейін ерекше етіп таңдауға тырыстық және бәрі ойдағыдай шықты, - деп атап өтті ол.
«Көксерек» қойылымының басты ерекшелігі - бір адам өз рөлін ғана емес, бірнеше рөлді қатар алып шығады. Жас актерлер өз қимыл-қозғалыстары, дыбыс арқылы эмоция беруге тырысады.
- Елдорданың төрінде өнерімізді көпшілікке паш еткенімізге қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. «Көксерек» қойылымда біз бірнеше рөлді қатар алып шықтық. Мәселен, мен автордың сөзін оқып, Көксеректің анасы мен сиырды сомдадым. Әр рөлдің өз мағынасы болғандықтан бұл тәжірибе қиын және қызықты деп айта аламын, - деді «Самға» театр үйірмесінің қатысушысы Малика Сағиева.
Ләззат Қанатқызы