Өскеменде инклюзивті анимациялық студия ашылды

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы Орталық қалалық кітапханада балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін инклюзивті анимациялық студияның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Студияның ашылуы Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылғанын айтқан жөн. Жоба «БалаDARYN» бірлескен бастамасы мен «Қазцинк» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Салтанатты іс-шараға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысып, жаңа студияның жұмысына сәттілік тіледі.
Белгілі болғандай, студияда балаларға графикалық планшетті, «Жанданған суреттер» инновациялық жабдығын, сондай-ақ арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етілген «Осьминог» мультстудиясының жиынтығын пайдалана отырып, қарапайым анимациялық фильм сюжеттерін жасау дағдыларын үйретуге бағытталған шеберлік сабақтары өткізіледі.
Оның айтуынша, «Осьминог» мультстудиясының жабдығында балалар әртүрлі сюжеттік анимацияларды оңай үйрене алады. Жабдық жиынтығына театрдағыдай айналатын мини сахна, көркем сахналық фондар, веб-камера, микрофон мен жарық шамы кіреді. Оқыту нәтижесінде балалар бейнелеу өнері мен басқа да шығармашылық түрлерінің техникаларын меңгеріп, өзін режиссер, оператор, сценарист пен мультипликатор-суретші рөлінде сезіну мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, «Ақ Ниет» арнайы интернаты мен «Үлбі» әлеуметтік орталығының мамандары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, инклюзивті студияның мүмкіндіктерімен танысты.
Фото: F16.kz