admin
Жарияланды: 18:00, 03 октябрь 2024
Катонқарағай / Басты / Киелі Алтай / АЙДАРЛАР

Қазақфильм Катонқарағай туралы кино түсіргенін білесіз бе?

Біреу білсе, біреу білмес, 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Катонқарағайдың Фадиха (қазіргі Маралды) ауылында маралшылардың өмірі туралы түсірілген «Ақмарал» атты шағын фильм жарық көрген.

Аты айтып тұрғандай, Ақмарал атты кішкентай марал жайлы бұл фильм баланың ат үстінде отырып «Ақмара-а-ал!» деп айғайлап, маралдың кішкентай төлін іздеуінен басталады. Сол кезде 9-10 жас шамасында болған, бас кейіпкерді ойнаған бұл бала – Фадиха ауылының тумасы Мұрат Жетімеков, деп хабарлайды F16.kz сайты.

Мұрат Жетімеков 1958 жылы 20 мамырда Маралды ауылында көпбалалы отбасыда дүниеге келген. Балалық шағын да осы ауылда өткізген. Ауыл балаларының арасындағы өткізілген кастингте арнайы таңдалып, осы киноға түседі. Бала кезден актерлік қабілеті болған ол одан арғы ғұмырында кинода емес, техниканың құлағында ойнауды таңдаған. Жылдар бойы трактор айдап, түрлі еңбек етіп, 2021 жылы дүниеден өтеді. Адал еңбек, маңдай терімен асырап жеткізген перзенттері бүгінде бір-бір белесті бағындырған. Екі ұлы мемлекеттік қызметкер болса, қызы - балалар дәрігері.   

- Мұрат екеуміз сыныптас болдық. Ол кішкентайынан өте пысық, ат құлағында ойнайтын алғыр , тәуекелшіл бала болып өскен. Қаншама ауыл балаларының ішінен кастингтен өтуіне де осы қасиеттері себеп болған шығар. Бойында табиғи әртістік дарыны болған. Оның осы қабілетін ескеріп, ары қарай дамытса, талантты актер болып кетер ме еді деп те ойлаймын. Сол кездегі балалардың жануарға деген ерекше мейірімі мен сүйіспеншілігі кинода өте жақсы көрсетілген. Мұрат дүниеден озғанымен, артында бала кезде түскен киносы қалды, ол да біз үшін өте құнды тарих. Киноны қайта жаңғыртып, осы күнге жеткізуге себеп болған Дүйсен Зағыпыранұлына отбасымыздың атынан алғысымызды айтамыз, - дейді Мұрат Жетімековтың жұбайы Күмісай апа.

Әрі қарай кішкентай Мұрат дәптеріне шығарма жазып, марал туралы естеліктерін айтады. Шығарма «Мы живем в горах на самом востоке Казахстана.Поселок наш называется Фадиха» деп басталады.  Енесінен жетім қалған жаралы қозықаны сол кездегі атақты маралшылардың бірі болған Мұқан Балғабаев атқа өңгеріп алып келеді. Оны қызық көрген ауыл балалары сүт беріп асырап, үйіріне қосуға көмектеседі. Марал да олардың арттарынан қалмай, бауыр басады. Жазғы демалыстары бітіп, оқуға қайтқан олар Ақмаралды сағына түседі. Небәрі 15 минуттық кино жылдың төрт мезгілін де қамтып, ауыл өмірі, маралшылардың өмірі  барынша боямасыз таспаланған. Кинода Мұраттың жанында жүрген досы – Құсман Балғабаев. Ұзақ жылдар Еңбек ауылында тұрып, ұлттық паркте қызмет атқарды. Қазір зейнет демалысына шыққан.

1968 жылы Өрел және Чернова кеңшарларынан бөлініп Катонқарағай марал кеңшары құрылды. Оның құрамына Жамбыл, Берел, Фадиха, Шұбарағаш, Оленопарк (қазіргі Ақмарал) ауылдары кіріп, орталығы Жамбыл болып белгіленеді. Кеңшарлар жекешелендіріліп тарағанға дейін ауданда марал шаруашылықтары қарқынды дамыған екен. Катонқарағай және Верхкатон кеңшарларында маралдардың саны мыңдап саналғаны оған дәлел. Аталмыш фильмнен де саты ішінде өріп жүрген мүйізі шаңырақтай маралдарды, мүйіз кесу мен қайнатудан үзінділерді көре аласыз.    

- Катонқарағай марал кеңшары құрылғаннан кейңн ауылымыздағы бастауыш мектеп сегізжылдық мектепке айналып, шаруашылық тәсілмен салынған барақ типтес үйге көшірілді. Мектеп үйі шағын болса да, ауылда басқа орын болмағандықтан оның бір бұрышына ауылдық клуб орналастырылған еді. Осы клубта аптасына екі рет балалар үшін және 4-5 рет үлкендер үшін кино көрсетіліп тұратын. Балалар киносы болатын күні үйдегі өзіме міндеттелген бар шаруаны ертерек тәмәмдап, билет алуға 5 тиынымызды сайлап, клубқа асығатынбыз. Екінші кезекте оқитын сыныптарда сабақтар аяқталмай, киноның дауысы сабақ өткізуге кедергі келтіретін. Кейбір тілазар оқушылар киноға сабақтан қашып та келіп жататын. Сол кездегі көрсетілетін кинолардың көпшілігі Ұлы Отан соғысына, азамат соғысына арналған фильмдер болды. Үнді фильмдері келген кезде ауылдың тайлы-таяғы қалмай, шағын клубқа симай, аузы-мұрнынан шығып тұрушы еді. Фильмдердің алдынан міндетті түрде 10-15 минуттық деректі немесе шағын метражды киножурналдар көрсетілетін. Бірде барлығымызды таңдандырған жағдай болды. Киножурнал ретінде біздің Фадиха ауылында түсірілген «Ақмарал» атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Оның тағы бір ерекшелігі - басты рөлдерді мектебімізде оқып жүрген Жетімеков Мұрат және Балғабаев Құсман деген балалар ойнаған екен. Мұрат бізден бір сынып жоғары оқыса, Құсман біздің сыныптасымыз. Ол уақытта ауылда ешкімде теледидар жоқ, таныс балалар мен адамдарды кинодан көру дегенің бір ғаламат болатын. Сол кезде олардың мектеп оқушылары арасында беделдері асқақтап, барлығымыз оларға қызыға қараған едік. Фильмде сонымен қатар сол кездегі аудан бойынша атақты маралшы Балғабаев Мұқан, кеңшарды ұзақ жылдар басқарған кеңшар директоры Досымбаев Сайранхан, партия ұйымының хатшысы Шайзадин Тоқтархан, бас мал дәрігері Қалитов Мұқан, маралшылар: Мұқашев Ереш, Етекбаев Нұролда, Жетімеков Оразәлі, Асқаров Кәкім, Балғабаев Мырза, Әбішев Метелхан, Дүленбаев Сүгірбай, Райсов Әміржай және тағы басқалары, сол кездегі ауыл балалары Ахмадиев Совет, Балғабаева Ардақ, Қастер, Алмагүлдер кездеседі. Фадиха ол кезде 40-50 дей үйі бар шағын ауыл еді, - деп еске алады осы фильмнің қайта жарыққа шығуына себеп болған Дүйсен Бралинов. 

Бала кездегі осы бір тәтті естелігі бертін келе ойына оралған Дүйсен ағамыз фильмді іздеуге белсене кіріседі. Ең алдымен  ғаламтордан Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм студиясының алтын қорындағы фильмдерді қарап шығып, онда болмағасын студияның мұрағат бөліміне «Ақмарал» атты фильмді іздеп сұраныс жібереді. Олардың «мұндай фильм біздің қорда жоқ» деген жауабына қанағаттанбай іздеуді жалғастыра берген. Ауданға Оралхан Бөкей жайлы деректі фильм түсіруге келген режисер, Қазақфильмнің директоры болып қызмет атқарған Сергей Азимовтен де көмек көрсетуін сұрайды. Қазақфильм студиясының мұрағат бөлімінің қызметкерлеріне тікелей хабарласып, фильмнің мөлшермен түсірілген жылдарын, есінде бар басқа да мәліметтерді айтып қайталай іздестіруін өтінген. Осылайша ұзақ уақыт іздестіруден кейін 2020 жылдың басында фильм табылды деген сүйіншілі хабар келеді. Сөйтіп студия қызметкерлері кинопленкаға түсірілген киноны цифрлық форматқа көшіріп жібереді. Осылайша 50 жылдай бұрын түсірілген қысқаметражды «Ақмарал» фильмі табылып, көпшіліктің назарына ұсынылған екен. Дүйсен ағамыз оны YouTube платформасына да жүктеп қойған. Фильмді көргіңіз келсе іздеу жолағына «ВКО, Оленеодство. Фильм Ақмарал» деп жазып, таба аласыз.

Кино өнері қай кезде де көңіл көтеруді ғана көздемей, идеология мен тәрбие құралы ретінде қолданылып келген. Техника мен технология қарыштап дамып жатқан қазіргі заманда түрлі қатігездікті көрсететін аяусыз кадрларға толы фильмдер қаптап, жастардың санасын улау үстінде. Осы тұрғыда мейірім мен махаббатты насихаттайтын сапалы әрі саналы отандық кинолар көрермен назарына көптеп ұсынылса дейсің. Сонымен қатар, қилы тағдырды бастан кешіп, күні кеше өз биігіне қайта оралған Катонқарағай ауданына да «Ақмарал» сияқты фильмдер ауадай қажет. Бүгінгі өмір - ертеңгі тарих. Аудан өміріндегі келелі өзгерістер сурет бетінде де, таспада да сақталып келер ұрпаққа жеткізілсе, құба құп болар еді. Бұл істі де ауданның тарихы мен болашағына бейжай қарамайтын ел азаматтары қолға алар деп үміттенеміз.

Дана Әбдікәрім

Фото: Мерей Қайнарұлы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)