admin
Жарияланды: 09:00, 05 ноябрь 2024
Басты / АЙДАРЛАР / Фоторепортаж / Шекаралық аудан / Марқакөл / Арнайы жоба

Көшкен ел, көріксіз ауыл... Қайта құрылған Марқакөл ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биыл қайта құрылған Марқакөл ауданында қазір бар-жоғы 7 мыңнан астам адам қалған.

Халқы жылдан-жылға азайып бара жатқан шекара түбіндегі ауданның тыныс-тіршілігін көріп, шалғайдағы тұрғындардың тұрмысымен жақынырақ танысу үшін F16.kz тілшілері Марқакөл өңірінде болып қайтты.

Арнайы сапардан түсірілген фотосуреттерді оқырман назарына ұсынамыз. Суреттер сөйлесін.

Марқакөл ауылына кіреберіс қақпа. Ауыл азаматтарының қолдауымен тұрғызылған.

Өскемен-Марқакөл республикалық тасжолы. Қыстыгүні бұл жол жиі жабылады. Әсіресе, қар қалың жауғанда және боран-шашын болғанда қатынау қиындайды.

Марқакөл ауданының орталығындағы құрылысы аяқталмай қалған жаңа спорт нысаны. Жобаның құны – 433 млн теңге. Спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы басталған. Алайда жұмыс жол ортада тоқтап, нысан межелі уақытта қолданысқа берілмей қалды. Қазір спорт кешенінің есік-терезелері қирап, қабырғасы құлап жатыр.


Шекараға таяғанда ұялы телефонға «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама келеді. «Бұл жергілікті халыққа моральдық-психологиялық тұрғыдан жаман әсер етеді» дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Алты-жеті түтін қалған Былғары Табыты ауылында мектеп те, медициналық пункт те жоқ. Ұялы байланыс пен интернет те тартылмаған. Тұрғындар жергілікті байланыс операторының роумингі арқылы «қытай интернетін» пайдаланып отыр.

 Қазақстан ауылындағы қаңырап тұрған құдық. Бұл елдімекенде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауызсу құбыры тартылып, құдықтар орнатылған. Бірақ тұрғындар мемлекеттік бағдарламаның игілігін әлі көре алмай отыр.


Марқакөл ауылының байырғы тұрғыны, ардагер журналист Абзалбек Мұхаметжанов шекара маңындағы елдімекендерден халықтың жаппай көшіп жатқанына алаңдайды.

Аудан орталығында ескі ғимараттарды жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Бұл ғимараттарға мемлекеттік мекемелер орналасатын болады. 


Қайта құрылған ауданда көрнекі орындар аз. Әзірге ауылдың ажарын ашып тұрған жалғыз нысан – Марқакөл мешіті.

Ауылды «асырап отырған» ескі трактор. Жем-шөп, отын-көмір бәрі осы трактормен жеткізіледі. Бірақ жыл өткен сайын көне техниканың жүруінен бұзылып тұруы жиілеген. Ал оның қосалқы бөлшектері удай қымбат, үлкен қалалардан тапсырыспен алдырады.


40 шақты отбасы ғана түтін түтетіп отырған Қазақстан ауылы. Он жыл бұрын бұл ауылда 80 үй болатын.

 Тал-терегі қурап, жаңбырдан кейінгі жолдары езіліп, қора-жайларының сыртын су айғыздаған ауылдың келбеті жүдеу.


Қазақстан ауылының орталық көшесі. Асфальтты қойып қиыршық тас төселмеген қара жол жаңбыр жауса аяқ алып жүргісіз ми батпаққа айналады.


Ауыл тұрғындары ардагерлерін ерекше құрметтейді. Жүдеп-жадаған көшеге сән беріп тұрған ескерткіш тақта ғана. Адамдар кейде осы жерге келіп фотосуретке түседі.


Бұл жақтың халқы малмен жанын бағып отыр. Бірақ соңғы жылдары мал өсіріп пайда табу да қиындап кеткен. Жем-шөпке, жанар-жағармайға шашылатын шығын көп. Ал малды сойып, етін қалаға апарып өткізудің азабын айтпаса да белгілі. Адамдар төрт түлігін алыпсатарларға нарықтан төмен бағаға сатуға мәжбүр.

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)