Күршімде агроөнеркәсіп саласын алға оздыратын жобалар қолға алынды

Күршім ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында егістік алқаптарының көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін 2024–2028 жылдар аралығында екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған маңызды жобалардың бірі.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында аудан көлемінде тиімді жер пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу бағытында нақты шаралар қабылдануда. Соның нәтижесінде жергілікті инвесторлар мен кәсіпкерлер туған жерлеріне оралып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға белсене атсалысып жатыр.
Осындай іскер азаматтардың бірі – Күршім өңірінің тумасы, көп жыл бойы әскери салада қызмет еткен Қайыргелді Зарыпханұлы. Қазіргі таңда ол Өскемен қаласындағы «Шығыс май» компаниясының директоры қызметін атқарып жүр. Елге оралған соң туған топыраққа ту тігіп, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құюға шешім қабылдаған. Оның бастамасымен Күршім ауданындағы Маралды ауылының маңынан жер телімі беріліп, оған егін егілмек.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір өңірде жалпы көлемі 26 мың гектар егістік жер бар. Бұған қосымша 10 мың гектардай босалқы жерлер бар, олар болашақта айналымға енгізілмек.
Ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды жүзеге асыру үшін аудан әкімдігі «Шығыс май» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуге көшті. Көктемгі егіс науқаны қарқынды басталып, жаңа ауыл шаруашылығы техникалары жеткізілді.
Аудан басшылығы мен кәсіпкерлердің тығыз серіктестігі арқасында Күршімде ауыл шаруашылығы дами түсті. Қайыргелді Зарыпханұлы сияқты туған жердің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың бастамасы еліміздің аграрлық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.
Фото: Күршім ауданы әкімдігі




