Белгілі журналист Диас Ахметшәріп ауыр халде жатыр

Қазақстандық белгілі журналист Диас Ахметшәріп миына қан құйылып, Ақтау қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап Lada.kz жазды. Ведомствоның хабарлауынша, науқас миына қан құйылып, комаға түскен. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін күресіп жатыр.
Дереккөзінің мәліметінше, оқиға Ақтауда өткен Ішкі істер министрлігінің көшпелі отырысы кезінде болған. Журналист инсульттен кейін комаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.
Диас Ахметшәріп еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосында журналист болып бастаған. Одан кейін көп жыл «Хабар», «Қазақстан» телеарналарында спорт журналисі болып қызмет етті. Мемлекеттік «Қазспорт» телеарнасының алғашқы директоры болды, сондай-ақ «Insport» телеарнасының бас редакторы қызметін атқарды.
2003 жылдан 2007 жылға дейін Спорт және туризм істері агенттігінің баспасөз қызметінің жетекшісі, баспасөз хатшысы қызметін атқарды.
Кейінгі жылдары Диас Ахметшәріп түрлі мемлекеттік органдарда баспасөз хатшысы болып жұмыс істеді.
Фото: gov.kz




