Өскемендіктер Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына тағзым етті

Бүгін өскемендіктер Жібек маталар комбинатындағы Сағадат Нұрмағамбетов саябағына жиналды. Ондағы мақсат біреу - Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым ету, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеде оқыған. Оқуын бітірген 1943 жылы майдан шебіне аттанған. Сұрапыл соғыста ол пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі болып шайқасты.
1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезінде көзсіз ерлік көрсеткені үшін 21 жастағы Сағадат Қожахметұлына Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
Ол соғыс жылдары Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде болған, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында өткен шайқастарға қатысқан. Соғыстан кейін Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияда оқып, бітірген соң Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберіледі. Бұдан кейін көптеген әскери лауазымды қызметті атқарған Сағадат Қожахметұлы 1992 жылы егемен еліміздің ең алғашқы қорғаныс министрі болып тағайындалады.
1993 жылғы оған генерал-полковник шені берілсе, бір жылдан кейін Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілген.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов даңқты әскери қолбасшының майдан шебінде ғана емес, егеменді еліміздің Қарулы күштерін құруда да аянбай еңбек еткенін атап өтті.
Шара барысында еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрген азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің аты Өскеменде бір мектеп пен орталық көшеге берілген. Сонымен қатар 2022 жылы қаладағы жаңа ықшамауданда батырдың атына саябақ ашылып, ескерткіші бой көтерген.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




