Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 14:47, 08 май 2025
Жаналықтар

ШҚО әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерін құттықтады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданы Весёловка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының 99 жастағы ардагері Павел Еремеевич Стрехоны Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі. 

Павел Еремеевич Стрехо 1926 жылдың 23 ақпанында Марқакөл ауданының Рождественка ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына 1943 жылы, небәрі 17 жасында шақырылды. 1944 жылы ол 3-ші Беларусь майданына аттанған. Кейін ол Қиыр Шығысқа аттанып, Жапониямен соғысқа қатысты.

Туған ауылына оралған соң Павел Еремеевич мал шаруашылығы кешенінде электрик болып жұмыс істеді, отбасын құрып, жұбайымен бірге бес баланы тәрбиелеп өсірді.

1998 жылы Павел Еремеевич Стрехо Глубокое ауданының Весёловка ауылына көшіп келіп, қазірге дейін осы ауылда тұрады.

Соғыс ардагері Даңқ ордені (III дәрежелі), Отан соғысы ордені (I дәрежелі), «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», маршал Жуков медалі және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Облыс әкімі ардагерге зор алғысы мен терең құрметін білдіріп, Жеңіс жолындағы ерлігі мен батырлығын атап өтті.

– Сізге мықты денсаулық, жан тыныштығы, жақындарыңызға амандық тілеймін, – деді ол.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)