Өскемендік тыл ардагеріне Президенттің марапаты табысталды

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов тыл еңбеккері Александра Михайловна Данилованы 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Ол ел басына күн туған шақта ауыл шаруашылығына белсене араласып, еліне шын ниетімен қызмет еткен жанның бірі.
Қала әкімі Алмат Акышов мерейтой иесін құттықтап, естелік сыйлығын тарту етті. Сондай-ақ оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты табысталды.
Александра Михайловна 1925 жылы Самар ауданына қарасты Чистояр (қазіргі Сарыбел) ауылында дүниеге келген. 1941 жылы ер-азаматтар майданға аттанған уақытта небәрі 16 жастағы бойжеткен бір айдың ішінде трактор айдауды меңгеріп, жұмысқа кіріседі. Содан бастап оның өмірі тынымсыз еңбекпен өткен.
Жеңіс күнін де трактор тізгінінде қарсы алып, соғыстан кейін де туған жердің алқабын тастамаған. Еңбек жолының алғашқы 11 жылын тракторшы болып, кейін 8 жыл сауыншы, одан соң зейнетке шыққанға дейін бұзау бағушы болып жұмыс істеді.
Ұлы Жеңіске қосқан қажырлы еңбегі мен табанды қызметі үшін Александра Данилова «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.




