Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 17:22, 08 май 2025
Жаналықтар

ШҚО әкімі Астанадағы шеруге қатысқан ардагерлермен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өткен әскери парадқа қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен кездесті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

 «Астана – Өскемен» рейсімен ұшып келген ардагер мен тыл еңбеккерлеріне борттағы жолаушылар зор ықылас білдіріп, құрмет көрсеткен. 

Ұшақтан түскен кезде ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін облыс әкімі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен қарсы алды.

 

Біз бүгінде сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арқасында бейбіт аспан астында өмір сүріп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен батырлыққа тәрбиелеп келеміз. Сіздердің ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмақ емес. Өңіріміз бен еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді өңір басшысы.

Делегациямен бейресми кездесу ары қарай әуежай аумағында жалғасты. Дастархан басында емен-жарқын әңгіме өрбіп, сый-сияпат тарту етілді. Шеруге қатысқан делегацияны Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рихимов бастап барды. Ақсақал Литва мен Беларусьті азат етуге қатысып,  Кёнигсберг қаласын алуға қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары шекара әскерлерінде қызмет етіп, Өскеменге көшіп келген соң облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет атқарған. 

Делегация құрамында тыл еңбеккерлері Юрий Новолоцкий, Күлзағи Әлиханова және Елена Ступак та болған. 

Серебрянск қаласының тұрғыны, 88 жастағы Юрий Васильевич Новолоцкий жас кезінен еңбекқорлығы және жауапкершілігімен көзге түскен. Еңбек жолын «Вулкан» колхозының сүт фермасында мал бағып, бұзау қарап, кейіннен ұстаның көмекшісі болып бастаған. Кейін ішкі істер органдарына қызметке орналасып, адал және принципшіл қызметкер ретінде танылады. Ол  «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Катонқарағай ауылында тұратын 88 жастағы Күлзағи Алиханова ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, аудандық АХАТ бөлімінде, газетте жұмыс істеген. Педагогикалық институтты тәмәмдаған соң мектепте мұғалім болып қызмет еткен. Бүгінде 5 бала тәрбиелеп, 12 немере сүйіп отыр.

Глубокое кентінің тұрғыны, 93 жастағы Владимировна Ступак мектеп жасында сыныптастарымен бірге колхоз егістігінде еңбек еткен. Кейін Глубокое аудандық комсомол комитетінде, балабақшаларда, Ертіс мыс қорыту зауытында жұмыс істеген.

Салтанатты шеруден оралған ардагерлердің әрқайсысы облыс әкімдігі ұйымдастыруымен жайлы көлікпен үйлеріне дейін жеткізілді.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі


Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)