F16.KZ
Жарияланды: 16:00, 31 май 2025
Басты / Жаналықтар

Шығыстың үздік омарташысы анықталды

Бүгін Өскеменде Шығыстың ең үздік омарташысы анықталды. Байқау нәтижесінде бұл мәртебелі атаққа «Свиринский И.Ю» шаруа қожалығының иесі Игорь Свиринский ие болды, деп хабарлайды F16.kz.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған байқауға өңірдің аудан-қалаларынан үздік омарташылар келіп қатысты. Ондағы мақсат – омарташылардың кәсіби деңгейін арттыру, үздік мамандарды анықтау, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру, сондай-ақ бал өндірісіне заманауи технологияларды енгізуді насихаттау.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп отырған бүгінгі шара омарташылардың еңбегін насихаттап, саланың даму бағытын айқындауға, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға, сондай-ақ үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті өте жоғары және бал өндіру көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, 2023 жылы шетелге 250 тонна бал экспорттасақ, 2024 жылы оның көлемі 600 тоннадан асты. Болашақта отандық өнімді өткізетін нарықты кеңейте түсуіміз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта жұмыс істеп жатыр, деді «Шығыстың үздік омарташысы» байқауына арнайы келіп қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов.

Департамент директоры биылғы ақпанда Еуропалық одақ қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін Еуропа нарығына экспорттауға ресми түрде рұқсат бергенін атап өтті. Енді Алтайдың құнарлы табиғи балы кәрі құрлыққа жол тарта бастайды. Өнімін өткізе алмай отырған шаруаларға бұл жағымды жаңалық болды.

Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында өткен шара барысында қатысушылар өздерінің қол жеткізген жетістіктерін таныстырып, өзара тәжірибе алмасты, сондай-ақ еңбегімен қатарынан озған үздіктер марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша «Шығыстың үздік омарташысы» атағын және 150 мың теңгенің сертификатын «Свиринский И.Ю» шаруа қожалығының иесі Игорь Свиринский иеленді. Екінші орынға «Ничаев Ю.А» шаруа қожалығының иесі Юрий Ничаев лайық болса, үшінші орын «Шулико М.М» шаруа қожалығының иесі Михаил Шуликоға бұйырды.

Бүгінгі байқауда үздік атанғаныма қуанып тұрмын. Менің бүкіл өмірім ара шаруашылығымен байланысты. Бұл кәсіппен 45 жылдан астам уақыттан бері айналысып келемін. Жақын достарымның бәрі осы салада еңбек етеді. Біздің Шығыста омарташылық жақсы дамыған, балының сапасы да жоғары. Қазір мен 400 ұя ұстап отырмын. Шаруашылығым Тарханка ауылының (Глубокое ауд. ред.) таулы аймағында орналасқан. Бұйыртса биыл да жақсы өнім алып, тұтынушыларды құнарлы, табиғи балмен қамтамасыз етемін деп ойлаймын. деді үздіктердің үздігі Игорь Свиринский.

Шара барысында өңірдің бірқатар омарташылары Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі»  төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)