Кәсіпкерлікті дамытуға 586 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп жыл басынан бері жалпы сомасы 4 898 жобаға 586 млрд теңге қолдау көрсеткен.
Биыл сәуір айында «Даму» қоры арқылы кепілдік беру қорлары жұмыс істей бастады. Оның біріншісі 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнес жобаларына, екіншісі 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған.
Бүгінгі таңда 8 банкпен келісім жасалған. Кепілдік қорына алғашқы 537 млн теңге жарнаны Freedom Bank салып отыр. Ал Halyk Bank, ForteBank пен Банк Центркредит тиісінше 2 млрд, 1,8 млрд және 1,6 млрд теңгеден үлес қоспақ.
Кепілдік беру бойынша жыл басынан бері «Даму» қоры жалпы сомасы 256 млрд теңге, жалпы кепілдік сомасы 178 млрд теңгеге 2 017 жобаға қолдау көрсетті.
Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан ШОБ субъектілеріне жеңілдікпен несие беруге көшу шеңберінде биыл қаржы көлемін 750 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш еседей артық. Сондай-ақ соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6% жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Ол бойынша өңдеу өнеркәсібі, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика сияқты басым сектордағы жобаларға қаржы бөлінеді.
Бүгінгі таңда сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 2 126 жобаға 276 млрд теңге берілді. Қаражаттың негізгі бөлігі бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде басым саланы қолдауға жұмсалды.
Фото: ҚР Ұлттық экономика министрлігі