Жалған құжат, заңсыз алкоголь, рұқсатсыз жұмыс: елімізде көші-қон заңнамасы өрескел бұзылып жатыр

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті аумақтық полиция бөліністерімен бірлесіп жүргізген жедел алдын алу іс-шарасы кезінде бес күнде 7 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу фактісінің жолы кесілді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде 2,5 мыңнан астам шетелдік Қазақстан аумағында болу мерзімін бұзған, 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген, 499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан, 3 мыңнан астам қабылдаушы тұлға ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың өздерінде тұратыны туралы хабарламаған. Барлық құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Сонымен қатар 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынады. Алғаш рет Мысыр азаматтарының заңсыз еңбек қызметі фактісі тіркелді. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген мысырлық 14 азамат табылды. Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 Қытай азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған.
Заңды ұдайы бұзатын жұмыс берушілер де назардан тыс қалмады. Қарағанды облысында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа бірнеше рет тартудың үш жағдайы анықталды. Осы эпизодтар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұза отырып, еңбек мигранттарын заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған. ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Фото: polisia.kz




