Қаңыраған үй, қираған ғимарат, үдере көшкен ел. Шекарадағы Первомайка кентінің бүгінгі өмірі

Шемонаиха ауданының Первомайка кенті өткен ғасырдың екінші жартысында еліміздегі элиталы елді мекендердің қатарында болған. Дәурені жүріп, дәуірлеп тұрған кезеңде мұндағы халық саны 15 мың адамға жеткен. Жергілікті тұрғындардың дені ТМД кеңістігінде баламасы жоқ кәсіпорын – Ертіс химия-металлургия зауытында (ЕХМЗ) еңбек етті. Бұрын тасы өрге домалаған кенттің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Шекаралық аймақтың проблемасын көтеретін F16.kz журналистері біліп қайтты.
Қариясы көп, жастары аз елді мекен
Первомайка тұрғыны, 83 жастағы Клара Раченко ЕХМЗ-да электр-механик болып 33 жыл еңбек еткен. Қазір зейнеткер. Құдай қосқан қосағы Борис Раченко да саналы ғұмырын зауыттың өркендеуіне арнаған. Өкінішке қарай, кәсіпорында жүргенде магнит өрісі әсер етіп, ауруға шалдыққан. Уақыт өте ауруы асқынып, 25 жыл бұрын қайтыс болған. Клара Раченко содан бері үйінде жалғыз өзі тұрады.
Шынымен де Первомайканың қазіргі келбетіне қарап үздік елді мекендердің бірі болды дегенге ауыз бармайды. Кезінде зауыттың күшімен салынған көпқабатты тұрғын үйлер қаңырап бос қалған. Дүркіреп тұрған мәдениет ошағының зәулім ғимараты қирап, үйіндіге айналған. Кенттің инженерлік инфрақұрылымы тозып, бүкіл жылу желісі істен шыққан. Бұрын әрбір үйге орталық қазандықтан жылу берілсе, қазір көпқабатты пәтерлер пешке от жағып отыр. Кейбір жағдайы барлар электр пешін қосып алған. Бұрын сауық-cайран үзілмейтін орталық саябақты жазда арамшөп, қыста қар басып жатады. Жолдар да тозған..
Клара Раченко елді мекендегі тіршілік қыз-қыз қайнап, жас отбасыларға үй берілген кезді сағынышпен еске алды.
Клара Раченко ағылшын, қазақ, орыс тілдерін меңгерген. Аздап қытайша түсінеді. Зайсан ауданында туған. Әкесі Смағұл көп жыл арнаулы қызметте абыройлы еңбек еткен. Бала Клара ата-анасымен бірге Қытай, Ресей, Беларусь сияқты елдерде тұрып, білім алған. Ресейдегі Томск политехникалық институтын электрмеханик мамандығы бойынша бітірген. Кейін тұрмыс құрып, Ертіс химия-металлургия зауытына жұмысқа кіргеннен кейін Первомайкада тұрақтап қалды.
Ертіс химия-металлургия зауыты 1956 жылы салынған. Қазақстанда ниобий, тантал, неодим, празеодим, самария, гадолиний, церий және басқа сирек кездесетін металдар өндіретін жалғыз кәсіпорын болған. Тарихи деректерге жүгінсек, ЕХМЗ-ны бірінші деңгейдегі құпия лагерьдің тұтқындары салған. Зауытта Первомайка кентінің еңбекке қабілетті тұрғындары, яғни 4 мың адам жұмыс істеген. 1997 жылы кәсіпорын жекеменшікке өтіп, көп ұзамай банкрот болды. Кейінгі 10-15 жылда бірнеше рет қожайыны ауысып, инвесторлар шақырылғанмен, еш нәтиже шықпады. Ақыры жабылып тынды.
Жүз пәтерлі үйде жалғыз отбасы қалған
Көп жыл білім саласында қызмет еткен Тамара Левкина Первомайкаға іргелес Глубокое ауданының Предгорное ауылынан көшіп келген. Оның өмірлік серігі Борис Васильевич өмір бойы зауытта істеген. Тәжірибелі педагог кеңес заманында кентте 7 балабақша болғанын айтты.
Зауыт жабылып, ел-жұрт көшіп жатқанда Тамара Левкинаның шетелдегі екі баласының біріне кетіп қалуға мүмкіндігі болды. Бірақ зейнеткер бақытты жастық шағы өткен ыстық мекенін қиып кете алмады. Кіндік қаны тамған ауылы болмаса да, Первомайканы ол туған жерінен артық көреді.
Первомайканың көшелерін аралағанда Тамара әжейдің «ауылда қариялар ғана қалдық» деген сөзінің растығына көз жеткіздік. Көшеден, тұрғын үйлердің ауласынан, дүкеннен, «Қазпоштадан» ұшырастырған кісілердің барлығы қарттыққа қадам басқан адамдар болды.
Мектептің төңірегі де тым-тырыс. Білім ошағынан 200 метрдей жерде орналасқан спорт стадионы қаңырап бос тұр. Кезінде бұл алаңда спорттың әр түрінен сайыстар өтіп, доданың көрігі қызып жататын дейді тұрғындар.
– Бұрын стадионда футбол, хоккей ойнайтын. Бадмионтоннан сайыстар өтетін. Қазір соның бірі де жоқ. Қақпасы ашық-шашық, темірден жасалған құрал-жабдықтары қирап қалған. Алаңына арамшөп өскен. Стадионды дейміз, көпқабатты үйлердің бәрі бос қалды. Мектепке параллель орналасқан мен тұратын 25-үйдің жартысы бос, 19-үйде мүлде ешкім жоқ. Бұл үйлердің бәрі бертін салынған, жаңа және сапалы. Кентте кезінде екі мектеп болған, қазір біреу. Оның өзіне бала жетіспейді. Мен мектепте істегенде бір сыныпта 40 оқушыға дейін отырды, қазір 15-17 баладан аспайды. Білім ордасының ішінен ашылған шағын орталықта да бүлдіршіндер аз. Өйткені туу көрсеткіші өте төмен, жастар жоқ, – деді аты-жөнін атағысы келмеген зейнеткер.
Первомайка кентінің әкімі Жанат Тастенова кейінгі жылдары жергілікті халық санының кеміп жатқанын растады.
Есік-терезесі үңірейген көпқабатты үйден қолына қап ұстаған орта жастағы еркек шықты. Сөзге тарттық. Қорадағы малына жем алуға бара жатқанын айтты.
Кент әкімі Жанат Тастенова бос тұрған үйлерді сот арқылы иесіз мүлік ретінде танымай ештеңе істей алмайтынын айтты.
Шүмектен сарғыш су ағады
Жергілікті жұрттың арқасына аяздай батқан тағы бір мәселе – ауызсу. Елді мекенге тіршілік нәрі Ертіс өзенінен беріледі. Сорғы станциясы өзен суын тазартып, орталықтандырылған құбырмен тұтынушыларға жеткізеді. Ал ол құбырлар бүгінде тозып, шіріп кеткен. Ескі құбырмен ағатын судың түсі өзгерген. Сарғыш тартып тұрады, сапасы да нашар.
Шемонаиха аудандық әкімдігінің хабарлауынша, кенттің кетеуі кеткен инженерлік желілерін жаңғырту, оның ішінде ауызсу желісін жөндеу биылға жоспарланған.
«Бүгінгі таңда кенттің су құбыры жүйесін қайта жаңарту жобасына түзету енгізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ биыл №13 қосалқы станциясынан шығатын 6кВ №310 электр желісін, ТП 205 және ТП 224 ғимараттарын күрделі жөндеу көзделген. Кентте жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жобалық-сметалық құжаттама жіберілді. Жоба 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады», – делінген аудан әкімдігі берген ақпаратта.
Сонымен қатар Шемонаиха ауданның әкімдігі Ертіс химия-металлургия зауытының болашағына қатысты сұраққа: «Бұрынғы ЕХМЗ-ның қазіргі меншік иесі – «Динатрон Казахстан ЛТД» ЖШС. Бүгінгі таңда серіктестік отандық шикізатты пайдалану мүмкіндігін қарастырып, инвесторлар іздестіріп жатыр», деп жауап берді.
Кезінде атағы дүркіреп, шаруасы шалқыған Первомайканың бұл күнде басынан бағы тайып, тұрмысы тұралаған. Кентті «күзетіп» қалған көнекөздер өткен заманды сағынышпен еске алып, болашаққа алаң көңілмен қарайды. «Ауылдың қайта түлеп, дәуірлегенін көрсек» деп армандайды.
Фото: F16.kz




