ШҚО полицейлері балаларға ерекше мереке ұйымдастырды

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті қала сыртындағы лагерьлердің бірінде балаларға арнап ерекше мереке өткізді. Қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлаған бұл шара Балаларды қорғау күні мен жазғы демалыстың басталуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мерекелік бағдарлама жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлерінің қызықты көрсетілімімен басталды. Онда қызметтік иттермен жұмыс істеу дағдылары, арнайы дайындық элементтері мен қылмыскерлерді ұстау тәсілдері көрсетілді. Сондай-ақ балалар полиция автокөліктері мен тәртіп сақшыларының арнайы жабдықтарымен жақын танысып, тәтті сыйлықтарға ие болды.
Бұдан кейін балалар полициямен бірге лагерьге келді. Мұнда олар лагерь қызметкерлерімен бірге эстафеталар, спорттық ойындар мен шығармашылық байқауларға қатысты. Шараға ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков арнайы келді. Балалар генералға сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті.
Фото: polisia.kz