F16.KZ
Жарияланды: 14:00, 29 апрель 2025
Өскемен / Жаналықтар / Басты

Өскемендегі өзгеше ауыл

Өскемендегі Ертістің сол жағалауында елімізде теңдесі жоқ бірегей демалыс орны орналасқан. Бұл кешен аумағында хайуанаттар бағы, отбасылық тынығу алаңы, балаларға арналған «Ертегі әлемі», ботаникалық бақ, қайықтар айлағы, әскери павильондар, «Жібек жолы» саябағы мен басты назар аударатын нысан – этноауылды орналасқан. F16.kz редакциясы 1 мамырҚазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өңірде тұрып жатқан көптеген этностың мәдениеті мен тұрмысынан мол мағұлмат беретін этноаулға шолу жасады.

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ МҰРАЖАЙ

Солжағалау кешеніне кіре берісте ашық аспан астында орналасқан әскери мұражай бар. Оның бірі – Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюшыларға арналса, екіншісі – Ұлы Отан соғысына қатысқан шығысқазақстандық жауынгерлерге арналып жасалған мемориал. Сондай-ақ бұл маңда XX ғасырдың әскери техникалары – танк, зеңбірек, зениттік кешендер қойылған.

Былтыр Ауған соғысының ардагерлері «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Солжағалау саябағында 47 көшет екті.

Ел аумағында «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты жалғасын тауып келеді. Барша қазақстандықтар өзі тұратын аумағын таза әрі жасыл желекке айналдыру үшін күш салады. Біз де ардагерлер аллеясын жасауды ұйғардық. Бұл – атаулы ағаштар деуге болады. Біз оларды Ауғанстаннан оралмаған боздақтардың құрметіне ектік, – деген еді Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары Қадырғазы Баймұратов былтырғы көшет егу кезінде.

ИМПЕРАТОР САРАЙЫ

Саябаққа кіру – тегін. Бірақ хайуанаттар бағы мен кейбір көрме орындарына кіру үшін символикалық төлем жасалады. «Жібек жолы» саябағына қадам басқан әр адам өзін ортағасырлық кезеңге тап болғандай сезінеді. Бұл аумақ ежелгі Ұлы Жібек жолының үлгісімен салынған. Ол жерден Қытайдың «Император сарайы», қазақтың «Хан ордасы», Орталық Азия елдерінің «Әмірші сарайы», үнділердің «Радж сарайы» сияқты архитектуралық нысандарды тамашалауға болады. Барлығы да дәуіріне сай безендіріліп, тарихи жәдігерлермен жабдықталған.

АЯЗ АТА РЕЗИДЕНЦИЯСЫ

2023 жылдың желтоқсан айында Солжағалау кешенінде облыс әкімдігінің қолдауымен Аяз ата резиденциясы ашылды. Бұл – аймақ тұрғындары мен қонақтарына қысқы мерекенің атмосферасын сезінуге арналған ерекше орын. Резиденцияның ерекшеліктеріне келсек, ғимарат екі қабаттан тұрады. Онда Аяз ата мен ақшақардың бөлмелері және балаларға арналған ойын-сауық аймақтары бар.​ Пошта қызметі жұмыс істейді. Балалар өзінің тілегін хатқа жазып, Аяз атаға жолдау үшін арнайы пошта жәшігіне салады.

Сол сияқты резиденция ішінде ыстық шай, тәтті-дәмділер сататын шағын сауда орындары бар. Жаңа жыл қарсаңында мұнда түрлі қойылымдар, шырша жағу рәсімдері өткізіледі.

Аяз Ата резиденциясы — балалар мен ересектерге арналған ертегі әлемі. Мұнда келушілер қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлерімен кездесіп, ұлттық дәстүрлермен таныса алады.

ЭТНОАУЫЛ

Кешеннің маңызды элементтерінің бірі – этноауыл. Бұл жоба Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруін көркем түрде бейнелейтін шағын макет іспетті. Мұнда XIX ғасырдағы қазақ, украин, ұйғыр, әзірбайжан, корей, чешен, татар, неміс, орыс, беларусь, еврей, поляк, армян ұлттарының қонысжайлары салынған. Үйлер мен ішкі жабдықтар тарихи деректер мен мұрағат материалдарына сүйеніп қалпына келтірілген.

Әрбір үйдің жеке ауласы бар, қақпамен немесе дуалмен қоршалған. Кейбір үйлерде тіпті мал ұстауға арналған немесе қойма ретінде пайдаланылған шағын қосалқы құрылыстар да салынған. Келушілер әр үйге еркін кіріп, аралай алады.

Солжағалау кешені жыл сайын 1 мамырда ашылады. Бұл күн – әрі көктемнің жайдары шағы, әрі Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келеді. Этноауыл осы бірлікті дәріптеудің нақты үлгісі.

Этноауыл – ел тарихына арналған ерекше ескерткіш. Бұл жоба 2010 жылы небәрі бір ай ішінде жүзеге асқан. Әр қонысжай нақты тарихи кезеңге сәйкес тұрмыстық заттармен, жиһаздармен жабдықталған. Кейбір бұйымдар – нағыз тарихи жәдігерлер.

Өскемен қаласының тұрғыны Қоблан Дәулетұлы саябаққа отбасымен жиі келеді. Әсіресе, жаз кезінде кешенге келушілер қарасы көп екенін айтты.

Қаладағы көрікті де көркем жерлердің бірі – Солжағалау саябағы. Қонақтарға ұялмай көрсететін демалыс орны деп ойлаймын. Менің естуімше, мұндай саябақ еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Өте жақсы жасалған, орналасқан жері де қолайлы әрі ұтымды таңдап алынған. Отбасыммен жиі келіп тұрамын. Бала-шағамен келіп еркін демалуға болады. Хайуанаттар бағы да бар. Балалар ойнайтын алаңдар, суға шомылатын жер, тіпті дастархан жайып ас-ауқат ішетін шатырлар жасалған. Айналасы жасыл желек, жанында Ертіс ағып жатыр. Қаланың күйбең тіршілігінен бір сәт тынығу үшін бұдан артық не керек? дейді Қоблан Дәулетұлы.

ӨСІМДІКТЕРДІҢ 500-ДЕН АСТАМ ТҮРІ ӨСЕДІ

Бұл этноауылСолжағалау кешенінің құрамындағы ерекше әрі мәдени маңызы зор нысандардың бірі. Ол – тек туристік немесе көрме нысаны емес, Қазақстан халқының бірлігі мен мәдени әртүрлілігін бейнелейтін шынайы этнографиялық макет және Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани-мәдени саясатына сай құрылған жоба.Этноауыл елдегі ұлтаралық татулық пен келісімнің нақты көрінісі.Былайша айтқанда, «Қазақстанның шағын макеті» деуге болады.Этноауылдың авторы – биыл өмірден озған Өскемен қаласының Құрметті азаматы Николай Зайцев. Оның табандылығы мен қажырлы еңбегінің арқасында осы сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтық кешен-қорық құрылып, ел игілігіне айналды. Николай Зайцевтің еңбегі мәдени жаңғыру деуге әбден лайық.

Кешен аумағы шамамен 120 гектар. Мұнда 500-ден астам өсімдік түрі өсіріледі, оның 300-ге жуығы – сирек кездесетіндер қатарынан. Саябақты арнайы шағын пойызбен аралауға болады.

ТӘЖІК ҮЙІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Этноауыл 7гектардай жерді алып жатыр. Оның орталығында – дәстүрлі қазақ киіз үйі орналасқан. Сондай-ақ қазақ халқының отырықшылық дәуіріндегі тас үй көшірмелері де бар. Бұл үйлерді күтіп ұстайтын арнайы қызметкерлер бар.

Әр қонысжай – сол ұлттың тұрмыс-салты мен мәдениетінің көрінісі. Мәселен, кәріс халқының үйінде бау-бақша, егіншілік құралдары кездессе, орыс үйінде мал шаруашылығына қатысты заттар бар. Ал мына «глагол» деп аталатын үй – бай адамның баспанасы. Біз үйлердің тазалығын қадағалап, экспонаттардың бүтіндігін сақтаймыз. Жақында көкөніс егеміз, кейін өнімді хайуанаттар бағының жануарларына береміз, – деді мұражай-қорық қызметкерлері.

Этноауылда қолөнершілер көрмесі, дәстүрлі ән кештері, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, мәдени фестивальдер жиі ұйымдастырылады. Келушілер экскурсия жүргізушілердің көмегімен әр үйдің тарихымен, тұрмысымен таныса алады.

Мұражай-қорық аумағында жыл сайын көктемде тазалық акциясы өткізіліп, оған Солжағалау кешенінің қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене қатысады.

Биыл этноауыл тағы бір халықтың қонысжайымен толығатын болды. Былтыр 1 мамыр күні өткен мерекелік шарада тәжік этносының өкілі облыс басшылығынан өз ұлтына арналған үй салу үшін жер телімін сұраған. Облыс әкімі бұл ұсынысты оң қабылдап, этноауылдың кеңеюіне қолдау білдірді. Бүгінде тәжік үйі орналасатын жер бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

 Фото: F16.kz; gov.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
«Қазақстанда» адам саны азайып барады. Билік шекарадағы ауылдарды жандандыра ала ма?
29.10.24, Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Басты / Арнайы жоба
Шығыстың шекаралық аудандарында қандай мәселелер туризмге тұсау болып отыр?
29.01.25, Басты / АЙДАРЛАР / Киелі Алтай / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Марқакөл / Журналист жол үстінде
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...
Іргесі көгеріп, сыз тартқан үйлер, баспана зарын тартқан отбасылар. Риддер қаласы тұрғындарының шағымы
22.02.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Риддер / Шекаралық аудан / Журналист жол үстінде