admin
Жарияланды: 09:00, 20 сентябрь 2024
Өскемен / Не жаңалық? / Басты / Фоторепортаж

Өскеменде жаңа мешіт бой көтерді

Өскеменнің сол жақ жағалауындағы ықшам аудандардың енді өз мешіті болады. Әл-Фараби атындағы даңғылдың бойынан екі мұнаралы зәулім мешіт бой көтерді.  

Құрылысы кәсіпкерлердің қолдауымен осыдан үш жыл бұрын  басталып, бүгінде аяқталуға шақ қалған. Мешіт 27 қыркүйекте салтанатты түрде ашылады, деп хабарлайды F16.kz сайты. 

 Жалпы Өскеменде соңғы рет мешіт бір мүшел бұрын ашылған болатын. 

-  Мына ЖМК (КШТ) ауданында 146 мың халық тұрады, Күленов кентінде – 16 мың. Бұл тұрақты тіркелген мекен-жай бойынша. Ал тұрақты мекен-жайы бойынша тіркелмеген адамдар да бар, сонда халық саны 180 мыңға жуықтайды десе болады. Ал сол 180 мың адамға бір ғана мешіт. Өскеменде соңғы ашылған мешіт – Халифа Алтай. Ол 12 жыл бұрын ашылған. Содан бері мешіт салынбаған екен, - дейді құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіпкер Қайнар Дүйсенов.

Жаңа мешіттің сыртқы-ішкі кескіні қазақи стильде жасалған. Қабырғалары, төбесі дәстүрлі ою-өрнекпен безендіріліпті. Аумағы 1 гектарға жететін жерде орналасқан. Сыйымдылығы – 1000 адамға дейін. Мешіттің өзінің аумағы – 1700 ш.м.  Мұнараларының биіктігі – 20 метр. Мешіттің ішіндегі еденнен төбесіне дейінгі биіктігі - 11 метр.  

Мұнда ерлер мен әйелдердің намаз оқитын бөлмелері бөлек орналасқан. Мешітке кіретін есік те екеу: біреуі әйелдерге, екіншісі ерлерге арналған. Сондай-ақ құран бағыштайтын жеке бөлме болады. Одан бөлек 230 адамға арналған қатымханасы бар. Қатымханадан түсетін қаражат болашақта мешіттің коммуналдық қызметтерін төлеуге жұмсалады деп жоспарланып отыр. 

 

Қайнар Дүйсеновтың айтуынша, бұл мешіт тек намаз оқитын орын ғана емес, қазақтың дәстүрлерін үйрететін білім орталығына айналуы да мүмкін.

- Имамдарға осындай ұсыныс жасап отырмыз. Тек қана дінді емес, қазақтың салт-ғұрпын, тәрбиесін үйретсе деп. Мысалы, әке-шешені қалай сыйлау керек, туыстармен қарым-қатынас қандай болу керек деген секілді. Мұны ұсыныс ретінде айттық. Оны енді мүфтият өздері шешеді. Жалпы дін мен дәстүр бірге жүру керек қой, - деді кәсіпкер.

Мешіттің ішінде көлемі 36 ш.м. болатын лэд-экран орнатылыпты. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай үлкен лэд-экран бүкіл Қазақстан бойынша осы жаңадан салынып жатқан мешітте ғана бар екен. Ол тәлім-тәрбие, сабақ беру мақсатында қойылған. 

- Сүрелердің қазақша, орысша аудармалары осы лэд-экран арқылы көрсетіледі. Өйткені бала болсын, ересек болсын,  түсіну керек қой, не оқып жатқанын, оның мағынасы қандай екенін. Оны көбі біле бермейді ғой, - дейді Қайнар Дүйсенов.

Сонымен қатар жаңа мешіттің тағы бір ерекшелігі – балаларға арналған бұрыш. Ата-анасымен еріп келген кішкентай бүлдіршіндер намаз кезінде сол бұрышта сурет салып, тағы да басқа ойындар ойнайды. Бұл намаз оқу кезінде кедергі келтірмеу үшін ойластырылған екен. 

ҚМДБ Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатайұлының  сөзінше, ЖМК (КШТ) ықшам ауданының тұрғындары мешіт салынса екен деп бұрыннан айтып жүр екен. 

-  КШТ ықшам ауданында бұрын бір мешіт салынады деп, бірақ құрылыс басталмай жатып аяқталып қалды. Халық кездескен жерде КШТ-да бір мешіт болса жақсы болар деп айтып жүретін. «Іздегенге - сұраған» дегендей, кәсіпкер азаматтар қолға алып, осы жерге бір мешіт салсақ деп өздері ниет білдірді. Бұл халқымыздың тілегі мен дұғасының нәтижесі деп білеміз. Тілектері қабыл болып, осы жерде сәулеті жарасқан зәулім мешіт бой көтерді, - дейді Ермек қажы Мұқатайұлы.

Діни басқармаға жаңа мешітке Әл-Фарабидің есімін беру туралы ұсыныс жіберіліпті. 

-  Әл-Фараби көшесінің бойында тұрғандықтан, мешітті салып жатқан жігіттермен ақылдаса келе, Әл-Фараби бабамыздың шығыста да бір аты болса деп және ол кісінің білім мен ғылымға қосқан үлкен үлесі бар ғой деп, есімін дәріптеуді жөн көрдік. Сол кісінің атын берсек деп ұсыныс жасап отырмыз. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының шешімі шығу керек, - деді бас имам.

Айта кетсек, Өскемен қаласы бойынша барлығы бес мешіт бар. Жаңа мешітпен бірге алты мешіт болмақ.

-    Ахмер кентінде де мешіт салынып жатыр. Согра жақта бір ғимарат жөнделіп, мешітке айналады. Бұйыртса, қаланың өзінде 8-9 мешіт болады. Жамағаттың көбеюіне байланысты мешіт саны да көбейіп келеді, - дейді Ермек қажы Мұқатайұлы.
Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)