Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 16:35, 12 май 2025
Біздің медицина / Жаналықтар

ШҚО-да репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Елімізде 12-16 мамыр аралығында репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Оның шеңберінде облыстағы медициналық мекемелерде ашық есік күні ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды F16.kz тілшісі. 

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған акция жасөспірімдер, ата-аналар, студенттер мен ұстаздарды қамтиды.

Облыстың бас репродуктологы Надира Слямханованың айтуынша, жалпы ел бойынша жыныстық жолмен берілетін аурулар саны едәуір артқан. Ал  АИТВ ауруы бойынша Шығыс Қазақстан республикада көш бастап тұр.

Десе де денсаулық сақтау саласының өкілдері өңірде белсенді жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. 

Кейінгі жылы 12 500-ден астам жасөспірім, ата-ана және педагогты қамтылған 1256 ақпараттық-ағартушылық іс-шара өткізілді. Мектеп оқушылары мен студенттерге ерекше назар аудардық. 343 мектеп пен 38 колледжде ашық сабақтар, тренингтер, ашық есік күні, ата-аналар жиналысы мен дөңгелек үстел ұйымдастырылды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова.

Айта кету керек, Өскемен қаласында БҰҰ Қоры елдік өкілдігінің қолдауымен Y-PEER Kazakhstan еріктілер желісі ашылған. Мұнда жастар көшбасшылық, гендер, ерте неке және салауатты өмір салты тақырыптарын зерттеп, кейін өз қатарластарымен білімдерін бөліседі.

Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға ШҚО-дан 38 мектеп қатысады. Оның аясында оқушылардың денсаулығы басты назарға алынып, алдын алу шаралары, мектеп сайттарын жаңартуға көңіл бөлінеді.

Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)