Алтай ауданының тұрғындары бау-бақша өнімдерімен тағы таң қалдырды
«Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, қасиетті Жер Ананы күтіп, баптай білсең, еңбегің еселеп қайтады. Алтай ауданының тұрғындары қашанда дала төсіне дақыл егу үрдісінен танған емес.
Бұған дейін Парыгино ауылының 200-жылдығын мерекелеу кезінде ең ірі картоп байқауы өткені туралы жазған едік. Байқауда біреуінің салмағы 1 келіге жететін картоп өсірген Калеловтар отбасы жеңіске жеткен болатын. Ал енді Парыгиноның тағы бір тұрғыны өзінің бақша өнімімен әлеуметтік желі қолданушыларын таң қалдырды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Кәді секілді көкөністің фотосуретін аудан әкімі Ренат Құрмамбаев Instagram-дағы парақшасында жариялады.
Бұл көкөніс лагенария (қауақ) деп аталады екен. Вьетнам кәдісі, үнді қияры деген де атаулары бар. Оның пішіні цилиндр секілді болып келеді. Ұзындығы 1,5-2 метрге дейін жетеді. Құмыра тәріздес сұрыптары да болады, бірақ олар сәндік мақсатта ғана өсіріледі.
Ғажайып көкөніс дақылын Парыгино ауылдық округінің тұрғыны Николай Масалкин өсірген. Лагенария кәдіге ұқсас болғанымен, одан дәмдірек дейді ол.
Фото: @renatkurmambaev