admin
Жарияланды: 12:00, 15 октябрь 2024
Катонқарағай / Зайсан / Басты / АЙДАРЛАР

ШҚО-да жаңа екі әуежай салынады

Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежай салынады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.

- Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі жолдауына сәйкес, Қазақстанның ішкі әуе бағыттарын дамыту мақсатында жаңа әуежайлар салу жоспарлары қолға алынды. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен «Қазаэронавигация» РМК-мен бірлесіп жүзеге асырылады. Әсіресе, туристік нысандарға бағытталған Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуе қатынастарын дамытуға ерекше назар аударылып отыр, - деді Қуаныш Акрамов.

Катонқарағай ауданында жаңа әуежай салу үшін Солдатово мен Өрнек елді мекендерінің арасындағы жер учаскесі таңдалды. Бұл орын «Өскемен-Рахман қайнары» автожолы маңында орналасқан. Әуежай құрылысы орындалатын жерден Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық - 38 шақырым, ал Үлкен Нарын ауылына дейінгі қашықтық - 54 шақырым.

Зайсан ауданында жаңа әуежайдың орны ретінде бұрынғы әскери Сәтпай аэродромының аумағы таңдалды. Бұл жер «Омбы-Майқапшағай» автожолы бойында орналасқан. Жаңа әуежай құрылысы жүргізілетін орыннан Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды, ал Ақжар ауылына дейінгі қашықтық 85 шақырымды құрайды.

Бастапқы кезеңде әуежайлардың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр болмақ, Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Bombardier Q400, Embraer EMB 120ER және осыларға ұқсас басқа да ұшақтарға қызмет көрсетеді. Бұл ұшақтардың сыйымдылығы 80 жолаушыға дейін жетеді. Болашақта әуе қатынасына сұраныс артқан жағдайда ұшу-қону жолақтары ұлғайтылып, Boeing 737, Airbus A321 және Airbus A320 сияқты үлкен әуе кемелеріне қызмет көрсетіледі. Мұндай ұшақтардың сыйымдылығы - 180 жолаушы.

- Бұл әуежайлар Катонқарағай, Үлкен Нарын, Зайсан және Тарбағатай аудандарын әуе қатынасымен қамтуға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындарға жолаушылар тасымалы қызметтерін қамтамасыз ету мәселелері үнемі бақылауда болады,- деп атап өтті басқарма басшысының орынбасарының м.а.

Фото: kapital.kz

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)