admin
Жарияланды: 09:02, 18 сентябрь 2024
Зайсан / Катонқарағай / Басты / АЙДАРЛАР / Не жаңалық?

Катонқарағай ауылына әуежай салынбайды

Катонқарағай ауылына әуежай салынбайтын болды. Себебі ұшақтардың ұшып-қонуына қолайсыз екен. 

Енді әуежайдың құрылысына Солдатово ауылының тұсындағы жазық қарастырылып жатыр. Ал Зайсан ауданы бойынша Сәтбай ауылындағы ескі әскери әуежайдың орнын қарастырылмақ, деп хабарлайды F16.kz сайты.

Катонқарағайда әуежай салынады деп айтылғалы он жылдан асты. Халық оған сенуді де қойған. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Катонқарағай мен Зайсан аудандарында туризмнің әлеуетін дұрыс пайдалану қажет екендігіне назар аудартып, осы екі ауданға әуежай салынатынын айтты.

Мемлекет басшысының аузынан шыққан сөздің орындаларына көзі жетіп жүрген халықтың қуанышы қойнына сыймай жатыр. Себебі Катонқарағай мен Зайсанның туристік әлеуеті расымен жоғары. Сондықтан бұл жаққа әуежай қажет-ақ. Ал әуежай ашылып, жолдар жөнделсе, туризм мен кәсіпкерлік сөзсіз дамиды. 

Катонқарағай мен Зайсанда әуежай салынса, бұл көршілес жатқан аудандар үшін де тиімді болмақ. Мысалы, Зайсандағы әуежайға Тарбағатай ауданының орталығы Ақжардан 30-40 минутта жетуге болады. 

Осы ретте Президенттің тапсырмасы қашан орындалады деген заңды сұрақ туындай. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов айтып берді. 

– Екі әуежай бойынша нақты тапсырма берілді. Жұмыстар 2025 жылдың көктеміне қарай басталады. Ұшу алаңдарының ұзындығы 2100 метр болады. Жобалау жұмыстары басталмас бұрын топографиялық аэротүсірілім жасалады. Айта кетейін, зерттеу нәтижесінде Катонқарағай ауылының өзінде ұшақтардың ұшып-қонуы қолайсыз болса, Солдатово ауылының тұсындағы жазықты қарастырамыз. Ал Зайсан ауданы бойынша Сәтбай ауылындағы ескі әскери әуежайдың орнын қарастырдық. Ол Тарбағатай ауданы тұрғындарына да жақын болмақ. Марқакөл ауданы үшін де тиімді. Сонымен қатар, әуежайдың жұмыс істеу кестесі, мамандарды жұмысқа тарту мәселесі де құзырлы органдарды назарында болады, – дейді басқарма басшысы.


Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)