Самарда дзюдодан облыстық жарыс өтті
Самар ауданында Қарттар күніне 2011-2012 және 2014-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен облыстық жарыс өтті.
Аталған жарысты Самар балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Жарыстың ашылу салтында аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сәйкенұлы құттықтау сөзін сөйлеп, қарттарды мерекелерімен құттықтады.
Артынша Самар балалар және жасөспірімдер мектебінің директоры Жандос Серікұлы аға буын өкілдерін құттықтап, иықтарына күрме жауып, құрметке бөледі.
Аталған жарысқа он ауданнан 25 команда, 250 спортшы қатысты. Облыстық сайыс деп айтқанымызбен, көршілес Абай облысының да жасөспірімдері бақ сынасты.
Кіл мықтылар жиналған спорттық жарыс өте тартысты өтті. Балалар ширақы, жылдам, шебер қимылдап, өзгеше әдіс-тәсілімен көрерменнің қошеметіне бөленіп жатыр. Таңнан басталған бәсеке кеш бата әзер аяқталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.